![]()
Шымкент қаласындағы Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжінде қайтарылған активтер есебінен жаңа тұрғын үй корпусы салынды. Әлеуметтік маңызы жоғары нысанның іске қосылуы 300-ден астам тәрбиеленушіге қауіпсіз, жайлы және заманауи талаптарға сай жағдай жасауға мүмкіндік берді. Бұл туралы Шымкент қаласының прокуратурасы хабарлады.
Жаңа ғимарат интернат тәрбиеленушілерінің күнделікті тұрмысын жақсартуға бағытталған. Заманауи талаптарға сәйкес салынған тұрғын үй корпусы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың тәрбиеленуіне, білім алуына және бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жобаның басты ерекшелігі – нысанның қайтарылған активтер қаражаты есебінен салынуы. Мемлекетке қайтарылған қаражаттың әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағытталуы – оның қоғам игілігіне нақты қызмет етіп жатқанын көрсетеді. Бұл ретте балалардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға арналған нысанның салынуы ерекше мәнге ие.
Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі – ерекше қолдауды қажет ететін балаларға білім беріп, оларды тәрбиелейтін маңызды әлеуметтік нысандардың бірі. Сондықтан мұнда қауіпсіздік пен жайлылық талаптарына сай жағдай жасау – басты міндеттердің бірі.
Жаңа тұрғын үй корпусының пайдалануға берілуі осы бағыттағы мүмкіндіктерді кеңейтіп отыр. Жаңарған орта тәрбиеленушілердің өздерін жайлы сезінуіне, күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және білім алу мен тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыруға жағдай жасайды.
Әлеуметтік маңызы бар жобаның жүзеге асуына үлес қосқан Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына, Шымкент қаласының прокуратурасына және қала әкімдігіне интернат ұжымы мен тәрбиеленушілері өз алғыстарын білдірді.
Қайтарылған активтердің ел игілігіне бағытталуы – қоғам үшін маңызды бастамалардың бірі. Ал оның балалардың қауіпсіздігі мен болашағына жұмсалуы бұл жұмыстың әлеуметтік маңызын одан әрі арттыра түседі. “Қайтарылған активтер – балалар игілігіне. Балалардың бүгінгі жайлылығы – елдің ертеңгі жарқын болашағы”, — дейді жауаптылар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
