![]()
Шымкентте 2026–2027 оқу жылына дайындық жүйелі түрде жүргізілуде. Басты назар мектептердің материалдық базасын жаңартуға, бірінші сыныпқа қабылдауды ұйымдастыруға, әлеуметтік қолдауға және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Қуаныш Ғалымжанұлы Ысқақов біршама тоқталып өтті.
Қала мектептерінде бірінші сыныпқа құжат қабылдау 18 маусымнан 31 тамызға дейін жалғасады. Қазірдің өзінде 16 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа қабылданды. Мектепалды даярлықты өз мектебінде аяқтаған балалар бірінші сыныпқа автоматты түрде қабылданады.
Жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік қолдауға ерекше мән берілуде. Әлеуметтік осал санаттағы әр оқушыға оқу құралдарын сатып алу үшін 51 мың теңгеден қаржылай көмек қарастырылған. Бұл мақсатқа 3,4 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді. Қолдау аз қамтылған отбасылардың балаларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдайдан зардап шеккен отбасылардың балаларына және басқа да санаттарға көрсетіледі.
Білім беру нысандарының инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Биыл жеті нысанда күрделі жөндеу жүргізілуде. Келесі жылы тағы сегіз мектеп пен Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжін жөндеуге жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде. Өткен оқу жылында екі жаңа мектеп пайдалануға берілді. Қазір тағы бес мектепте қосымша ғимараттардың құрылысы жүріп жатыр.
Балалардың қауіпсіздігін күшейту және білім беру жүйесін цифрландыру бағытында да жұмыстар атқарылуда. «AIQYN» жобасы аясындағы биометриялық бақылау жүйесі мен бейнеаналитика мектептердегі қауіпсіздік пен сабақ сапасын бақылауды күшейтті. Онлайн мониторинг кезінде жүздеген сабақ талданып, педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетілді.
«Qarqyn» бірыңғай цифрлық платформасы білім беру жүйесінің 12 негізгі бағытын автоматтандырды. Оның ішінде қауіпсіздік, биометриялық бақылау, тамақтану, сабақ сапасы, бухгалтерлік есеп, еңбекақы төлеу және балалар контингентін басқару бар. Жүйе қаржыландыру, оқу жүктемесі мен оқушылар туралы деректердегі сәйкессіздіктерді анықтауға мүмкіндік берді.
Мектепке дейінгі білім беру саласында да дайындық жалғасуда. Мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайтылып, жекеменшік балабақшаларда жаңа орындар ашылуда. Балабақшаларға жолдама беру «Balabaqsha» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылып жатыр.
Кешенді шаралар жаңа оқу жылын ұйымдасқан түрде бастауға, білім сапасын арттыруға және әр балаға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
