Шымкент: №46 мектеп-лицейі жаңа оқу жылына дайын тұр

Loading

Шымкенттегі №46 мектеп-лицейінде жаңа оқу жылына дайындықтың негізгі кезеңі аяқталды. Қазір білім ордасында соңғы ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп, жаңарған мектеп жаңа оқу жылын қарсы алуға дайындалып жатыр.

1986 жылы пайдалануға берілген білім ұясында бүгінде 2700 оқушы екі ауысымда білім алады. Оларға 200-ге жуық мұғалім мен қызметкер қызмет көрсетеді. Оқушылар санының көптігі мектеп инфрақұрылымына қойылатын талаптың да жоғары екенін көрсетеді.

Білім ордасында күрделі жөндеудің алғашқы кезеңі 2014 жылы жүргізілген. Ал биыл техникалық қорытындыға сәйкес жөндеудің екінші кезеңі жүзеге асырылды. Жұмыс барысында ғимараттың тозған бөліктері жаңартылып, инженерлік жүйелер ретке келтірілді. Мұндағы басты мақсат – оқушылар мен ұстаздарға қауіпсіз, қолайлы әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыру.

Жөндеу жұмыстарын «СИГРОСТ» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, нысанда соңғы ретке келтіру және анықталған ұсақ кемшіліктерді жою жұмыстары атқарылуда. Жаңғырту аясында мектептің қасбеті мен шатыры жаңартылып, оқу кабинеттері заманауи талаптарға сай жабдықталды. Білім ордасында негізгі пән кабинеттерімен қатар информатика, робототехника және еңбек пәндеріне арналған арнайы кабинеттер жұмыс істейді.

Жаңа оқу жылына дайындық барысында инженерлік жүйелердің жай-күйіне де баса назар аударылды. Жылу жүйесі тексеріліп, ақаулар анықталған жоқ. Білім ошағы алдағы жылыту маусымына толық дайын.

Мектеп директоры Гүлжан Ибрагимованың айтуынша, білім ордасының басты жетістігі тек жаңарған ғимаратпен өлшенбейді. Ең маңыздысы – әр баланың өзін қауіпсіз сезінуі, сапалы білім алуы және қабілетін дамытуға мүмкіндік беретін орта қалыптастыру.

Жаңартылған инфрақұрылым, заманауи кабинеттер мен қолайлы оқу ортасы №46 мектеп-лицейінің жаңа оқу жылын жоғары деңгейде бастауына негіз болып отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You