Шымкент: №41 мектеп-лицейінде ауқымды жаңғырту жұмыстары аяқталды

Loading

Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкенттегі А. Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейінде ауқымды жаңғырту жұмыстары аяқталды. Білім ордасының ғимараты мен аумағы жаңартылып, оқушыларға қауіпсіз, жайлы әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға басымдық берілді.

1985 жылы ашылған мектеп 1994 жылы қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы лицей мәртебесін алған. Қазір мұнда 1800 оқушы білім алып, педагогтер ұжымы жас ұрпаққа сапалы білім мен тәлім-тәрбие беріп келеді.

Білім ордасында күрделі жөндеу жұмыстары 4 мамырда басталып, белгіленген мерзімде толық аяқталды. Жұмыс барысында ғимараттың ішкі және сыртқы бөлігі жаңартылып, оқу кабинеттері заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Сынып бөлмелері қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, білім алушыларға қолайлы жағдай жасалды.

Мектеп директоры Айна Сарымсақованың айтуынша, жаңғыртудың негізгі мақсаты – оқу үдерісін тиімді ұйымдастырып қана қоймай, оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы орта қалыптастыру. Осыған орай білім беру кеңістігін цифрландыруға да ерекше мән берілген.

Мектепте 28 интерактивті тақта орнатылып, педагогтердің сабақ барысында заманауи технологияларды кеңінен қолдануына мүмкіндік жасалды. Цифрлық құралдар оқу материалын көрнекі әрі түсінікті жеткізіп, оқушылардың сабаққа қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Жаңғырту жұмыстары оқу кабинеттерімен ғана шектелмеді. Мектеп дәліздері мен ішкі кеңістіктері ретке келтіріліп, ғимараттың сыртқы келбеті жаңартылды. Ауласы абаттандырылып, аумақтағы қажетті инфрақұрылым да ретке келтірілді.

Жаңарған білім беру ортасы оқушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың сабақтан тыс уақытын мазмұнды өткізуіне, шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамытуына мүмкіндік береді.

Ендігі міндет – жаңартылған материалдық-техникалық базаны білім сапасын арттыру жолында тиімді пайдалану. Заманауи жабдықталған кабинеттер педагогтердің мүмкіндігін кеңейтіп, ал қолайлы орта оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыруға жол ашпақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You