![]()
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қала аумағын аралауы барысында тұрғындардың қауіпсіздігі, сапалы білім беру ортасын қалыптастыру және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға қатысты бірқатар маңызды нысанның жағдайы назарға алынды.
Әуелі Тұран-2 шағынауданында төрт өрт сөндіру автокөлігіне арналған жаңа өрт сөндіру депосы кешенінің құрылысы тексерілді. Қаланың жаңа аумақтары кеңейіп, халық саны артып келе жатқанын ескерсек, мұндай нысандардың маңызы айрықша. Депоның іске қосылуы өрт пен өзге де төтенше жағдайларға жедел ден қою уақытын қысқартып, тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қала басшысы жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын «KAZGASA College Shymkent» колледжінің жаңа ғимаратын да аралады. Екі ауысымда 1350 студентке білім беруге арналған нысанда еңбек нарығына қажетті мамандар даярланады. Заманауи аудиториялар, шеберханалар мен зертханалардың әзірлігі тексеріліп, жастарға сапалы білім берумен қатар, оларды нақты кәсіпке баулудың маңыздылығы атап өтілді. Бүгінгі білім беру кеңістігі – ертеңгі қаланың кәсіби әлеуетін қалыптастыратын маңызды негіз.
Аралау барысында өткен жылы күрделі жөндеуден өткен «Ақжар» су қоймасының қауіпсіздігі де назардан тыс қалмады. Су нысанының сенімді жұмыс істеуі, техникалық жағдайы және су тасқынының алдын алу шаралары қаралды. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс төтенше жағдайлардың алдын алып, елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қала басшысының назарында тұрғындардың күнделікті тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін инженерлік желілер де болды. Орынбай ақын, Ақсу, Төреқұлов, Айтжанов және бірқатар көшеде кәріз желілерінің құрылысы басталды. Тұрғындармен көшпелі кездесулер кезінде көтерілген мәселелер негізінде қолға алынған жоба аяқталған соң шамамен 1000 абонент орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады.
Жауапты басқармаға құрылыс сапасын қатаң бақылап, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды. Өйткені қауіпсіздік те, жайлы орта да, қала тұрғындарының өмір сапасы да ең алдымен осындай нақты инфрақұрылымдық шешімдерден басталады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
