![]()
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте мегаполистің санитариялық-эпидемиологиялық ахуалы, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және тұрғындармен кері байланысты жетілдіру мәселелері қаралды.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Талғат Сермаңизовтің мәліметінше, биылғы бірінші жартыжылдықта қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Есепті кезеңде аса қауіпті жұқпалы аурулар, сондай-ақ қызылша, полиомиелит, қызамық, дифтерия, сіреспе, көкжөтел және “COVID-19” тіркелмеген. Дегенмен, кене шағуына байланысты 733 тұрғын медициналық көмекке жүгінген. Осыған байланысты қажетті санитариялық-эпидемияға қарсы және ветеринариялық шаралар жүргізілген.
Экономикалық көрсеткіштер де оң динамиканы көрсетіп отыр. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Ескараевтың айтуынша, қысқа мерзімді экономикалық өсім индексі 114,6 пайызды құрап, Шымкент республика өңірлері арасында төртінші орынға тұрақтады. Өнеркәсіп өндірісі — 11 пайызға, құрылыс — 12,9 пайызға, сауда — 21,8 пайызға, көлік қызметтері 14,3 пайызға өскен.
Еңбек нарығында да оң өзгеріс бар. Жұмыспен қамту шараларына 16 мыңнан астам адам тартылып, 9 мыңнан астам тұрғын тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыздан 4,6 пайызға төмендеді. Шағын және орта бизнесте 259 мың адам еңбек етеді. Секторда өндірілген өнім көлемі 4,7 триллион теңгеге жетіп, қала экономикасындағы үлесі 56 пайызды құрады.
Кеңесте тұрғындармен кері байланыс мәселесіне де ерекше мән берілді. Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемеловтің айтуынша, бірінші жартыжылдықта Ситуациялық орталыққа 184,6 мың өтініш түсіп, оның 162 мыңы немесе 87,8 пайызы орындалған. Өтініштердің басым бөлігі коммуналдық шаруашылық пен инфрақұрылымға қатысты. Оларды жүйелі талдау арқылы қайталанатын мәселелер анықталып, жауапты мекемелердің жұмысы мен тапсырмалардың орындалу мерзімі тұрақты бақылануда.
Кеңес қорытындысында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауапты басшыларға санитариялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстауды, экономикалық өсім қарқынын сақтауды және тұрғындардың өтініштерін сапалы әрі жедел қарауды тапсырды. Басты міндет – көрсеткіштерді орындаумен қатар, қала тұрғындары көтерген нақты мәселелердің шешімін қамтамасыз ету.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
