Шымкент қаласының әкімі әлеуметтік нысандар мен инженерлік инфрақұрылым жаңаруын назарда ұстайды

Loading

Шымкент қаласының әкімі қаланы аралау барысында әлеуметтік нысандардың құрылысымен және инженерлік инфрақұрылым жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысты.

Алдымен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 150 орындық оңалту орталығының құрылыс жұмыстары тексерілді. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Нысанды желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Орталық іске қосылғаннан кейін тұрғындардың кешенді оңалту қызметтеріне қолжетімділігі артады. Қала басшысы құрылыс басқармасына жұмыстың сапалы орындалуын және белгіленген мерзімдердің қатаң сақталуын тапсырды.

Бұдан кейін Әл-Фараби ауданындағы Қазыбек би, Асанов, Тәжібаев, Шолохов, Уәлиханов, Мәметов, Ұлықбек және Циолковский көшелерінде жүргізіліп жатқан кәріз желілерін тарту жобасының барысы қаралды. Аталған мәселе тұрғындармен өткен көшпелі кездесулер кезінде бірнеше рет көтерілген болатын. Жоба аясында 466 тұрғын үйді орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу көзделген. Бұл үйлерде шамамен 2,3 мың тұрғын бар.

Тұран ауданында да кәріз инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыстар тексерілді. Қазыбек би, Лихачев, Байзақұлы, Жандосов, Верещагин, Шолохов және Уәлиханов көшелерінде жүргізіліп жатқан жоба нәтижесінде 395 тұрғын үй орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады. Бұл шешім тұрғындардың өтініш-тілектері негізінде қабылданған. Қала әкімі энергетика және инфрақұрылымдық даму басқармасына жұмыстарды бекітілген кестеге сәйкес аяқтауды тапсырды.

Сонымен қатар Абай және Металлург саябақтарындағы нысандардың жай-күйі назарға алынды. Мұнда демеушілердің қаражаты есебінен салынып жатқан «Шахматшылар үйінің» құрылыс барысы қаралды. Қазіргі уақытта нысандағы жұмыстар аяқталуға жақын. Жаңа кеңістік тұрғындардың зияткерлік демалысын ұйымдастырып, шахматты қала тұрғындары арасында кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.

Құрсай шағынауданында инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысы да бақылауға алынды. Мұнда тарату пункті мен алты трансформаторлық қосалқы станция пайдалануға берілген. Жаңа энергетикалық нысандар іске қосылғаннан кейін қолданыстағы қосалқы станциялар арасындағы жүктемені қайта бөлуге және шамамен 400 абонентті тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

“Қаладағы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жүйелі дамыту тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі болып қала береді”, — дейді шаһар басшысы.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You