Брифинг: Шымкентте балаларға әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа цифрлық жүйесі енгізілді

Loading

Шымкентте білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қаржылық және материалдық көмек тағайындау тәртібі жаңғыртылып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларды анықтаудың жаңа цифрлық тетігі іске қосылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов мәлімдеді.

Жаңа жүйенің басты мақсаты – мемлекеттік көмекті нақты мұқтаж отбасыларға бағыттап, оны тағайындау үдерісіндегі адами факторды азайту және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету. Қолданыстағы талаптарға сәйкес қаржылай және материалдық көмек атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдайдан зардап шеккен отбасылардың балаларына және заңнамада белгіленген өзге де санаттарға көрсетіледі.

Бұған дейін, әсіресе, табысы төмен отбасылардан шыққан балаларды анықтау кезінде ақпараттық жүйелердің толық интеграцияланбауына байланысты бірқатар қиындық болған. Осы мәселені шешу үшін Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен Оқу-ағарту, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерінің жауапты мамандарымен бірлескен жұмыс жүргізілді.

Нәтижесінде мемлекеттік ақпараттық жүйелер өзара ықпалдастырылып, Ұлттық білім беру деректер қорында көмек алуға құқығы бар балалардың тізімі автоматты түрде қалыптастырылады. Жүйе шамамен 25 мемлекеттік ақпараттық жүйеден алынған мәліметтерді ескеруге мүмкіндік береді.

2026 жылдан бастап өтініш қабылдау «QOSYMSHA» ақпараттық жүйесі арқылы электронды форматта жүзеге асырылуда. Сервис отбасының белгіленген талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексеріп, өтінішті қарау нәтижесін тіркеуге және қаражаттың аударылуын бақылауға мүмкіндік береді. Осылайша шешім қабылдау барысы барынша ашық әрі жүйелі сипатқа ие болды.

11 тамыздағы мәлімет бойынша жүйеге 78 543 өтініш түскен. Оның 18 927-сі қаралуда, 9 612 өтініш бойынша көмек тағайындалған. Ал 50 004 өтініш бойынша бас тарту туралы шешім шығарылған. Бас тартулардың басым бөлігі автоматты тексеру нәтижесінде өтініш берушілердің белгіленген талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты болған.

Әлеуметтік қолдаудың көлемі де артып келеді. 2024 жылы Шымкентте 46 825 білім алушы қаржылық және материалдық көмекпен қамтылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 57 047-ге жеткен. Ал 2026 жылы осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 3,4 миллиард теңге қарастырылып, шамамен 66 мың балаға қолдау көрсету жоспарланған.

Жаңа цифрлық механизм әлеуметтік көмекті тағайындау үдерісін жеңілдетіп қана қоймай, мемлекеттік қолдаудың әділ әрі атаулы түрде көрсетілуіне жол ашады. Ең бастысы, көмек заңнамада белгіленген талаптарға сай келетін балаларға бағытталып, әлеуметтік қолдаудың тиімділігі мен ашықтығы арта түседі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You