![]()
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті жұмыс сапары барысында тұрғын үймен қамту, қоғамдық көлікті жаңарту және жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы бірқатар нысанды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексерді. Қала үшін маңызды жобалардың сапасы мен белгіленген мерзімде орындалуына басымдық берілді.
Жұмыс сапары тұрғын үй кезегінде тұрған 40 отбасыға жаңа пәтер кілтін табыстаудан басталды. Баспаналар «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары аясында берілді. Жаңа қоныс иелерінің қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар, сондай-ақ бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар. Қала әкімі тұрғындарды қоныс тойымен құттықтап, жаңа баспаналардың отбасылар үшін жайлы әрі берекелі шаңыраққа айналуына тілектестік білдірді.
Қоғамдық көлік саласындағы жаңаруға да ерекше назар аударылды. «Bozjorga Bus» ЖШС-нің әлеуметтік маңызы бар №72 бағытына сатып алынған 17 жаңа автобус таныстырылды. Заманауи көліктер төмен еденді алаңмен, пандустармен және жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға арналған арнайы орындармен жабдықталған. Автобустардың қолданысқа енгізілуі тұрғындарға қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Shymkent Bus» компаниясы қыркүйек айында қала бағыттарына тағы 31 жаңа автобус шығаруды жоспарлап отыр. Бұл ескірген көліктерді кезең-кезеңімен жаңартып, қоғамдық көліктің қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған.
Аралау барысында Еңбекші ауданындағы бұрын балаларды оңалту орталығы орналасқан аумақтың қазіргі жағдайы да қаралды. Апатты жағдайдағы ғимарат бұған дейін сүрілген. Осы аумақта тұрғындардың қажеттілігіне сай әлеуметтік инфрақұрылым нысанын салу мүмкіндігін зерделеу тапсырылды.
Тұран ауданындағы Қандастарды бейімдеу және интеграциялау орталығының бос тұрған ғимараты да назарға алынды. 1950 жылы салынған нысан техникалық тексеру қорытындысы бойынша апатты деп танылған. Жауапты тұлғаларға ғимараттың жағдайын ескере отырып, оны одан әрі пайдалану бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу міндеттелді.
Жұмыс сапарының маңызды бөлігі жол инфрақұрылымына арналды. Қала аумағында бой көтеретін төрт жолақты жаңа айналма магистральдің бағыты әуеден бақыланды. Ұзындығы шамамен 50 шақырым болатын жоба Алматы және Ташкент бағытындағы жолдарды өзара байланыстырып, транзиттік көлік ағынын қала сыртындағы бағытқа шығаруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде негізгі көшелердегі көлік жүктемесін азайтып, жол қозғалысының тиімділігін арттыру көзделіп отыр.
Жалпы, аралау барысында әлеуметтік маңызы жоғары жобалардың іске асырылуы, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау және қаланың көлік инфрақұрылымын жаңғырту мәселелеріне нақты міндеттер қойылды. Бұл жұмыстар Шымкенттің заманауи әрі жайлы мегаполис ретінде дамуына бағытталған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
