Шымкент қаласының әкімі еңбек тәртібі, жол сапасы және заңсыз сауда мәселелерін күшейтуді тапсырды

Loading

Шымкент қаласында қала тіршілігіне тікелей әсер ететін бірнеше өзекті мәселе қатар бақылауға алынды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте еңбек заңнамасының сақталуы, жол сапасы, мердігерлердің кепілдік міндеттемелері және рұқсат етілмеген саудамен күрес мәселелері қаралды. Бұл бағыттардың әрқайсысы тұрғындардың күнделікті өмір сапасына тікелей ықпал ететіндіктен, жауапты құрылымдардың жұмысына нақты талаптар қойылды.

Еңбек саласындағы жағдай еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтудің қажеттігін көрсетіп отыр. 2026 жылдың алғашқы алты айында қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясына еңбек құқықтарының сақталуына қатысты 1 829 өтініш түскен. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 665 жұмысшының құқығы қалпына келтірілді. Есепті кезеңде 238 тексеру өткізіліп, еңбек заңнамасының 226 бұзушылығы анықталған. Соның нәтижесінде жұмысшылар пайдасына 754,3 миллион теңге көлеміндегі жалақы берешегі өндіріліп, 2 824 адамның құқығы қалпына келтірілді.

Еңбек қатынастарының тағы бір маңызды бағыты – кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғау. Жазғы демалыс кезінде полиция қызметкерлерімен бірлескен рейдтер барысында 72 кәсіпкерлік нысан тексеріліп, жасөспірімдердің еңбек құқықтарының бұзылуына қатысты 8 жағдай анықталды. Бұл көрсеткіш профилактикалық бақылаудың әлі де өзекті екенін аңғартады.

Қаланың жол инфрақұрылымында да сапа мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 747,7 шақырым болатын 360 көше-жол нысаны бойынша мердігерлердің кепілдік міндеттемелері — күшінде. 2026 жылғы тексерулер нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою жөнінде 26 ресми талап жолданып, оның 25-і бойынша қалпына келтіру жұмыстары аяқталған. Бір нысан бойынша мәселе сот тәртібімен қаралуда.

2025 жылы жолдарды күтіп-ұстау барысында 140 көшеге тегістеу қабаты төселген. Кейін оның 11 учаскесінде ақау анықталып, 6 көшеде жөндеу аяқталған, қалған 5 көшеде жұмыстар жалғасуда. Бұл ретте қала үшін маңызды мәселе – жолды салу немесе жөндеумен ғана шектелмей, оның сапасына берілген кепілдіктің нақты орындалуын қамтамасыз ету.

Сауда саласындағы тәртіп мәселесі де — назарда. Жыл басынан бері аудан әкімдіктерімен бірлескен жұмыстар нәтижесінде рұқсатсыз орнатылған 102 дүңгіршек анықталып, олардың барлығы демонтаждалған. Сонымен бірге белгіленбеген орындарда сауда жасаудың 7 634 фактісі тіркелді. Оның 6 964-і бойынша ескерту беріліп, 654 жағдайда жалпы сомасы 17,8 миллион теңге болатын әкімшілік айыппұл салынған.

Ретсіз сауданың негізгі ошақтары ретінде «Қырғы базар» мен «Авто-Нұр» базарларының маңындағы аумақтар қалып отыр. Бұл жерлерде заңсыз саудамен айналысатын 60 адам анықталған. Демек, мәселені тек рейдтер мен айыппұлдар арқылы шешу жеткіліксіз. Сауда орындарын жүйелеу, кәсіпкерлерге заңды балама ұсыну және бақылауды тұрақты жүргізу маңызды.

Аппараттық кеңесті қорытындылаған Шымкент қаласының әкімі жауапты басшыларға еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды күшейтуді, жолдардың сапасы мен мердігерлердің кепілдік міндеттемелерінің орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар рұқсат етілмеген саудаға тосқауыл қою жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру міндеттелді. Қаладағы тәртіп пен инфрақұрылым сапасын қамтамасыз ету – жекелеген науқандық шара емес, тұрақты бақылауды қажет ететін ортақ міндет.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You