Шымкент қаласының әкімі 40 отбасыға баспана кілтін тапсырып, білім нысандарының дайындығын тексерді

Loading

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында әлеуметтік және білім беру нысандарының жұмысымен танысып, жаңа оқу жылына дайындық барысын тексерді. Аралау кезінде тұрғындарды баспанамен қамту мәселесіне де назар аударылды.

Бозарық шағынауданындағы жаңа үйлерден тұрғын үй кезегінде тұрған 40 отбасыға пәтер кілті табысталды. Жаңа баспаналар әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға берілді. Олардың қатарында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектігі бар азаматтар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған және толық емес отбасылар бар.

Тұрғындарға 1, 2 және 3 бөлмелі пәтерлер ұсынылды. Баспаналар толық әрленіп, қажетті инженерлік желілермен қамтамасыз етілген. Жалға беру тетігі арқылы ұсынылған пәтерлерді кейіннен жекеменшікке рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған. «Отбасы банк» өкілдерінің мәліметінше, жалға алу кезінде тұрғындар банк несиесі бойынша пайыз төлемейді және баспананы кез келген уақытта сатып ала алады. Ай сайынғы жалдау ақысы бөлме санына қарай 10 мың, 15 мың және 20 мың теңгеге дейін белгіленген. Жалдау мерзіміне шектеу қойылмайды.

Қала әкімі жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру нысандарының дайындығын да бақылауға алды. Теріскей шағынауданындағы №46 мектеп-лицейінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қасбеті мен шатыры жаңартылған. А. Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейінің үш қабатты ғимараты 572 оқушыға арналған. Мұнда оқу корпусы, асхана, спорт және акт залдары қарастырылған.

325 орындық №106 мектепте ғимарат пен инженерлік желілер жаңартылып, аумағы абаттандырылған. Мұнда жүгіру жолы мен спорт алаңдары салынып, кіреберістер пандустармен жабдықталған. Абай ауданындағы К. Қасымұлы атындағы №82 мектепке қосымша 450 орындық оқу корпусы салынуда. Жаңа ғимаратта спорт және акт залдары, асхана, кітапхана мен медициналық кабинет болады.

Сонымен қатар Хамза атындағы №42 мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп, ғимарат пен инженерлік инфрақұрылым жаңартылған. Еңбекші ауданындағы 330 орындық М. Әуезов атындағы №96 мектептің жағдайы да тексерілді. Ал Текесу тұрғын алабындағы 150 орындық №121 мектептің жаңа ғимаратының құрылысы 95 пайызға орындалған.

Аралау қорытындысында Ғабит Сыздықбеков жауапты басқармаларға анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды және барлық білім беру нысандарының жаңа оқу жылын қауіпсіз әрі толық дайындықпен бастауын қамтамасыз етуді тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You