Түркістан қаласы әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте бюджет кірістері мен жылыту маусымына дайындық сараланды

Loading

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте жергілікті бюджет кірістерінің орындалуы мен 2026–2027 жылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жан-жақты сараланды.

Жиында биылғы алғашқы алты айдағы салық түсімдерінің орындалуы талданып, бюджет кірісін арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі атап өтілді. Қала әкімі бюджет кірісі жай ғана қаржылық көрсеткіш емес, қаланың тұрақты дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын айқындайтын маңызды фактор екенін айтып, жауапты сала басшыларынан нақты нәтиже талап етті. Осыған байланысты салықтық резервтерді толық пайдалану, рәсімделмеген жер учаскелерін заңдастыру, сондай-ақ өзге өңірлерде тіркелген мемлекеттік мекемелер мен заңды тұлғаларды Түркістан қаласына тіркеу жұмыстарын жеделдету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Мәжілісте алдағы жылыту маусымына дайындық барысы да кеңінен қаралды. Қаладағы жылу жүйелерінің жай-күйі, қысымдау жұмыстарының орындалуы мен жылу желілерін жаңғырту барысы сараланды.

Әзімбек Пазылбекұлы қысқа дайындық қағаз жүзіндегі есеппен емес, нақты нәтижемен бағалануы тиіс екенін атап өтіп, көрсеткіштер белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, жауапты мекемелерге қысымдау жұмыстарын толық аяқтауды, әлеуметтік нысандарда анықталған кемшіліктерді жоюды және жылу желілерін жаңғырту жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды міндеттеді.

Түркістан қаласының әкімі тұрғындардың өтініштері бойынша «Арман» көпқабатты тұрғын үй кешенінде көшпелі жиын өткізді

Бұдан бөлек бүгін қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы тұрғындармен кері байланысты күшейту және көтерілген мәселелерді жедел шешу мақсатында жауапты сала басшыларымен бірге «Арман» көпқабатты тұрғын үй кешенінде болып, көшпелі жиын өткізді. Кездесу барысында тұрғындар ауладағы абаттандыру, жарықтандыру, қауіпсіздік, тазалық және көгалдандыруға қатысты ұсыныс-пікірлерін тікелей жеткізді. Қала әкімі әрбір мәселені жауапты мекемелермен бірге сол жерде талқылап, жауапты мамандарға дер кезінде шешуді тапсырды.

Бірқатар мәселелер сол сәтте шешімін тапса, балалар және футбол алаңшаларын ретке келтіру, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу, аулаға қосымша жарықшамдар орнату мен жасанды жол кедергілерін орналастыру мәселелері — орындалу үстінде.

Сондай-ақ, Шәмші Қалдаяқов көшесі бойындағы жұмыс істемей тұрған субұрқақтарды іске қосу, аумақты көгалдандыру үшін су ұңғымаларын қазу, жабайы шөптерді шабу және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында бейнебақылау камераларын орнату бойынша жұмыстар да қолға алынды.

Бұдан бөлек, басқарушы компания мен учаскелік полиция қызметкерлерінің қатысуымен тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, ортақ мүлікті күтіп ұстау және қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелеріне басымдық берілмек.

“Көп жағдайда мәселенің нақты қандай екенін басында, тұрғындардың өзінен естіген дұрыс. Тұрғындар көтерген әрбір мәселе назардан тыс қалмайды. Айтылған ұсыныстардың орындалуын өз бақылауымда ұстаймын. Өйткені тұрғындардың сенімі нақты нәтижемен ғана қалыптасады”, — дейді шаһар басшысының өзі.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You