![]()
Тұрғындар көтерген мәселені тыңдап қана қоймай, оның нақты орындалу нәтижесін халықпен бірге бағалау – жергілікті атқарушы органдар жұмысының маңызды қағидатына айналып келеді. Осы бағытта Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Бокин көшесінің тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізіп, жауапты сала басшыларымен бірге аумақты аралады.
Кездесудің негізгі мақсаты – бұған дейін тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің орындалу барысын сол жерде тексеріп, атқарылған жұмыстардың нәтижесін халықпен бірге саралау. Аралау барысында көшенің тазалығы, жарықтандырылуы, қоғамдық қауіпсіздік және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың жай-күйі қаралды.
Тұрғындардың ұсыныстары негізінде аумақта бірқатар нақты жұмыс атқарылған. Атап айтқанда, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында бейнебақылау камералары орнатылып, көше жарығы жақсартылған. Санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты жүйеге келтіріліп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін учаскелік полиция қызметінің жұмысы да күшейтілген.
Атқарылған жұмыстармен танысқан тұрғындар нәтижеге оң бағасын беріп, қала аумағын одан әрі абаттандыруға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Қала әкімі тұрғындардың әрбір ұсынысы назарда болатынын айтып, көтерілген мәселелердің сапалы орындалуы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.
«Мен үшін тұрғындардың пікірін тыңдау ғана емес, көтерілген мәселенің нақты шешімін көріп, оның нәтижесін тұрғындармен бірге бағалау маңызды. Сондықтан мұндай көшпелі кездесулер алдағы уақытта да тұрақты жалғасады. Түркістан – бәрімізге ортақ қала. Оның әрбір көшесі мен әрбір ауласы таза, жарық, қауіпсіз әрі тұрғындарға жайлы болуы тиіс», – деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Қала басшысы абаттандыру мен тазалықты қамтамасыз ету тек әкімдікке ғана емес, тұрғындардың да ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Осы ретте қала тұрғындарын өз аумағының тазалығын сақтап, қоғамдық орындарға жанашырлықпен қарауға шақырды.
“Бокин көшесіндегі кездесу тұрғындармен кері байланысты күшейтіп қана қоймай, бұрын көтерілген мәселелердің нақты нәтижесін халықпен бірге бағалаудың маңызын көрсетті. Бұл тәсіл алдағы уақытта да қала көшелері мен аулаларындағы мәселелерді шешуде жалғасын таппақ”, — дейді жауаптылар.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
