![]()
Түркістан қаласында жаңа оқу жылына әзірлікпен қатар, білім беру ұйымдарын алдағы күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Негізгі міндет – оқу жылы басталғанға дейін барлық нысанда жылу жүйелерін толық ретке келтіріп, қыс мезгілінде қауіпсіз әрі тұрақты жылумен қамтуды қамтамасыз ету.
Осы бағыттағы жұмыстардың барысын қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бірқатар білім беру нысандарына барып, арнайы бақылап шықты. Қала басшысы Бекзат секторындағы Ж.Жабаев атындағы №11 жалпы білім беретін мектеп пен Сауран секторындағы Әл-Фараби атындағы №10 мектептің жылу жүйелерін жаңарту жұмыстарымен танысып, жауапты мамандар мен мердігер ұйымдарға нақты міндеттер жүктеді.
Бекзат секторында орналасқан №11 мектепте биыл 500-ден астам оқушы білім алады. Мұнда мектептің жылу қазандығы толық жаңартылып, сыртқы жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізілуде. Сонымен бірге түтін шығару мұржасы ауыстырылып, жылу жүйесін реттеу және іске қосуға әзірлеу жұмыстары атқарылуда.
Ал 1955 жылы салынған Әл-Фараби атындағы №10 мектепте ішкі жылу жүйесі кезең-кезеңімен жаңғыртылып жатыр. Биыл бұл білім ордасында 200-ден астам оқушы оқиды деп күтілуде. Нысанда жылу құбырлары, радиаторлар мен циркуляциялық сорғылар ауыстырылып, құбырларға жылу оқшаулау жүргізілуде. Қазіргі таңда жүйенің беріктігін тексеру үшін гидравликалық сынақтар, сондай-ақ іске қосу-баптау жұмыстары орындалуда.
Нысандарды аралау барысында қала әкімі үшін басты мәселе атқарылған жұмыстың есебі емес, оның нақты нәтижесі екенін атап өтті. «Балалардың мектепте жылы әрі қауіпсіз жағдайда білім алуы – ең алдымен біздің жауапкершілігіміз. Қыс түскенде әр мектепте жылу тұрақты берілуі керек. Сондықтан барлық жұмысты сапалы аяқтап, анықталған кемшіліктерді уақытында жою қажет», – деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Қала басшысы жауапты тұлғаларға жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде толық аяқтауды, инженерлік жүйелерді мұқият тексеруді және жылыту маусымы кезінде ақау туындамау үшін барлық қажетті шараны алдын ала қабылдауды тапсырды.
Қазіргі таңда Түркістан қаласы білім бөліміне қарасты 38 мектеп, 21 мемлекеттік балабақша және 6 қосымша білім беру ұйымын жылыту маусымына дайындау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 26 мектепте, 21 балабақшада және 6 қосымша білім беру ұйымында жылыту жүйелерін гидравликалық сығымдау, қысымдау және шаю жұмыстары атқарылған.
Жалпы, білім беру ұйымдарының жылыту маусымына дайындығы бекітілген жоспарға сәйкес жалғасуда. Анықталған ақаулар кезең-кезеңімен жойылып, барлық дайындық шараларын 2026 жылғы 15 тамызға дейін толық аяқтау жоспарланған.
Осылайша, Түркістанда жаңа оқу жылын ұйымдастыру жұмыстары оқу кабинеттерін дайындаумен ғана шектелмей, білім алушылар үшін қажетті инженерлік және қауіпсіздік жағдайларын қамтамасыз етумен қатар жүргізілуде. Жылыту жүйелерін алдын ала жаңғырту мен сынақтан өткізу қыс мезгілінде оқу процесінің тұрақты өтуіне берік негіз қаламақ.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
