![]()
Сауран ауданында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтіп, өңірдің қоғамдық-саяси тұрақтылығы, әлеуметтік ахуалы және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне қатысты бірқатар маңызды мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе аудан аумағындағы қоғамдық-саяси ахуалдың қазіргі жай-күйіне арналды. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қалеке Марат баяндама жасап, қалыптасқан жағдайға және ықтимал тәуекелдерге тоқталды. Қоғамдық тұрақтылықты сақтау және әлеуметтік мәселелерге дер кезінде ден қоюдың маңыздылығы атап өтілді.
Бұдан кейін Отбасының цифрлық картасы ақпараттық жүйесіндегі D және E санаттарына жататын отбасылардың санын азайту бағытындағы жұмыстар талқыланды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Асылбек Дауырхан атқарылып жатқан жұмыстар мен көрсеткіштерді жақсартуға бағытталған шаралар туралы баяндады.
Жиында мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалық өзгерістерге де назар аударылды. Персоналды басқару (кадр қызметі) бөлімінің басшысы Нұрбек Әшіров «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға енгізілген өзгерістерді түсіндіріп, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттеріне қатысты жаңашылдықтарды таныстырды. Бұл ретте заң талаптарын сақтау мен қызметтік жауапкершілікті арттырудың маңызы сөз болды.
Аппараттық мәжілістің соңында орындаушылық тәртіп мәселесі қаралып, аудан аумағында анықталған кемшіліктер талданды. Берілген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуге басымдық берілді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жауапты бөлім басшыларына бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Әлеуметтік мәселелерді шешу, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және орындаушылық тәртіпті күшейту бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру қажеттігін атап өтті. Әрбір тапсырманың белгіленген мерзімде сапалы орындалуы аудан әкімдігі жұмысының тиімділігін айқындайтын негізгі талаптардың бірі екені айтылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
