Сауран ауданында тұрғындар өтініштері бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр

Loading

Сауран ауданында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, көтерілген мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров азаматтарды жеке қабылдап, олардың талап-тілектері мен ұсыныстарын тыңдады.

Қабылдауға 8 азамат қатысып, жалпы 11 мәселе көтерілді. Тұрғындар денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, тұрғын үй, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, электрмен қамту, ауыз су, жол, білім беру және әлеуметтік нысандарға қатысты мәселелерін ортаға салды.

Кездесу барысында көтерілген мәселелердің бірі – Үшқайық ауылдық округіне қарасты Нұртас елді мекеніндегі электр жарығы мен ауыз су мәселесі. Қазіргі таңда аталған бағыттар бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатқаны айтылды. Құжаттар мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған жағдайда облыстық бюджеттен қаржы бөлу жөнінде ұсыныс енгізіледі. Қаржыландыру мәселесі шешілгеннен кейін тиісті құрылыс-монтаждау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілмек.

Тұрғындар тарапынан тұрғын үй мәселесіне қатысты да сауалдар қойылды. Осы бағытта қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, баспана беру тәртібі туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар Шорнақ ауылдық округінде жеке инвестордың қаржысы есебінен 24 пәтерлі тұрғын үй салынып жатқаны айтылды. Құрылыс аяқталғаннан кейін тұрғын үйлер заң талаптарына сәйкес кезек тәртібімен берілмек.

Жеке қабылдауда көтерілген әрбір мәселе бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, шешу жолдары қарастырылды. Әкімдік үшін басты міндет – тұрғындардың өтініштерін тек қабылдап қана қоймай, олардың заң аясында нақты шешім табуына ықпал ету.

Қабылдауды қорытындылаған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жауапты мекеме басшыларына азаматтардың өтініштерін жан-жақты зерделеп, әр мәселе бойынша нақты шешім қабылдау бағытында тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды. Тұрғындар көтерген мәселелердің орындалу барысы бақылауда болатынын атап өтті.

“Сауран ауданында халықпен тікелей байланыс орнату, тұрғындардың талап-тілегіне жедел жауап беру және әлеуметтік мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек”, — дейді жауаптылар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You