Сауран ауданында Ж.Тәшенов атындағы мектептің жаңа оқу жылына дайындығы бақылауға алынды

Loading

Сауран ауданында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, оқу процесіне қолайлы орта қалыптастыру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – осы кезеңдегі басты міндеттердің бірі. Осыған байланысты аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Ж.Тәшенов атындағы жалпы білім беретін мектепке барып, білім ордасындағы дайындық жұмыстарының барысымен танысты.

1976 жылы 640 оқушыға есептеліп салынған мектеп бүгінде өзінің бастапқы жобалық қуатынан әлдеқайда көп балаға білім беріп отыр. Қазіргі таңда мұнда 1035 оқушы білім алады. Сондықтан білім ордасының материалдық базасын жаңарту мен ғимараттың жағдайын жақсарту мәселесінің маңызы артып отыр.

Қазір мектеп ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі нысанды аралау барысында құрылыс жұмыстарының орындалу барысын қарап, олардың сапасына назар аударды. Сынып бөлмелеріндегі, ғимараттың ішкі және сыртқы бөліктеріндегі жөндеу жұмыстарымен танысып, білім алушылар үшін қолайлы жағдай қалыптастырудың маңызын атап өтті.

Мектептегі жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылының басталуына кедергі келтірмеуі және қауіпсіздік талаптары толық сақталуы тиіс. Осы ретте мердігер ұйым өкілдеріне атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына жауапкершілікпен қарау, белгіленген мерзімді сақтау және құрылыс барысында анықталған кемшіліктерді дер кезінде жою жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Жұмыс сапары барысында мектептің алдағы жылыту маусымына дайындығы да назардан тыс қалған жоқ. Аудан әкімі жылыту жүйесінің жай-күйін, инженерлік желілердің әзірлігін қарап, қысқы кезеңде білім беру процесінің үздіксіз жүруі үшін қажетті жағдайлардың алдын ала қамтамасыз етілуіне мән берді.

Мектептің оқу жылына дайындығы тек сынып бөлмелерін ретке келтірумен шектелмейді. Білім алушылардың қауіпсіздігі, ғимараттың инженерлік жүйелерінің тұрақты жұмысы, жылыту маусымына әзірлік және оқу процесіне қажетті жағдайлардың жасалуы – барлығы кешенді түрде қаралуы қажет.

Аудан әкімі жауапты сала мамандарына мектептің жаңа оқу жылына дайындығын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Әсіресе, күрделі жөндеу жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтап, мектеп ұжымы мен оқушылар үшін қауіпсіз және қолайлы орта қалыптастыруға басымдық беру қажеттігін ескертті.

Жарты ғасырға жуық уақыттан бері талай буынға білім берген Ж.Тәшенов атындағы мектеп үшін қазіргі жаңғырту жұмыстарының маңызы зор. Бүгінде білім ордасында оқушы санының артуы жағдайында оның материалдық базасын жетілдіру мен ғимараттың талапқа сай болуы – уақыт талабы. Сондықтан жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапалы аяқталуы мектептің алдағы оқу жылындағы қалыпты әрі қауіпсіз жұмысына берік негіз болмақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You