![]()
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Жеке қабылдауға 8 азамат жазылып, жалпы 9 мәселе көтерілді. Тұрғындар тарапынан баспана, жұмыспен қамту, жер қатынастары, электрмен жабдықтау, әлеуметтік нысандар, қоғамдық көлік және ауыл шаруашылығы салаларына қатысты өтініштер айтылды.
Қабылдау барысында Қарашық ауылдық округінің тұрғыны мақта шаруашылығында зиянкестермен биологиялық әдіс арқылы күресуге арналған биолаборатория ашу үшін ғимарат мәселесін көтерді. Аталған жобаның ауыл шаруашылығы үшін маңызы ескеріліп, жобалық ұсынысты толық әзірлеп, тиісті талаптарға сәйкестігін зерделеу қажеттігі айтылды. Сонымен қатар тұрғындар уақытша баспанамен қамтамасыз ету, тұрақты жұмысқа орналасу, әлеуметтік дүкеннің орнын ауыстырып кеңейту мәселелерін жеткізді. Жұмыспен қамтуға қатысты өтініштер бойынша аудандық мансап орталығы мен жауапты бөлімдерге қолданыстағы мүмкіндіктерді қарастыру тапсырылды.
Жүйнек ауылдық округінің тұрғыны А.Қалмурзаев көшесіндегі трансформаторды электр желісіне қосып, іске қосуға көмек сұрады. Қазіргі таңда аталған аумаққа қуаттылығы 160 кВт трансформатор орнатылған. Оны желіге қосу үшін қосымша 12 электр бағанасын орнату қажеттігі айтылды. Бұдан бөлек, Бабайқорған ауылдық округіне қарасты Абай ауылындағы жер учаскесіне қатысты өтініш, Ә.Сығай жалпы орта мектебіне акт залын салу және қоғамдық көлік мәселелері көтерілді.
Аудан әкімі әрбір тұрғынның өтінішін жеке тыңдап, көтерілген мәселелердің заң талаптарына сәйкес жан-жақты зерделенуі қажеттігін атап өтті. Жауапты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне тұрғындардың өтініштерін назарға алып, шешу жолдарын қарастыру және нәтижесі бойынша тиісті жұмыстар жүргізу тапсырылды. “Тұрғындармен тікелей кері байланыс орнату, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау және өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал ету бағытындағы жеке қабылдаулар тұрақты түрде жалғасады”, — дейді аудан басшысы.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
