Созақ ауданында білім берудің жаңа оқу жылына міндеттері айқындалды

Loading

Созақ ауданында жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі Тамыз кеңесі өтіп, білім беру саласының өткен оқу жылындағы нәтижелері сараланып, алдағы кезеңнің негізгі міндеттері айқындалды. «Мыңжылқы» мәдениет үйінде ұйымдастырылған жиын «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбына арналды.

Ұстаздар бас қосқан маңызды жиын Мемлекеттік Әнұранның орындалуымен басталды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың педагогтерге арналған құттықтауы бейнебайланыс арқылы көрсетілді.

Кеңеске қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтап, білім сапасы мен педагог мәртебесін арттырудың маңызын атап өтті.

– Тамыз айы – ұстаздар қауымы үшін жаңа оқу жылына тың серпінмен қадам басып, алдағы міндеттерді айқындайтын ерекше кезең. Білім – ел болашағының берік іргетасы болса, сол іргетасты қалайтын ең басты тұлға – ұстаз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім саласына айрықша мән беріп, педагог мәртебесін үнемі жоғары бағалап келеді. Президентіміз «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» деп атап өткен болатын. Бұл – ұстаз еңбегіне берілген үлкен баға әрі зор жауапкершілік, – деді аудан басшысы.

Бұл ретте Мемлекет басшысының білім саласына қатысты ұстанымының өзегінде адам капиталын дамыту, білім сапасын арттыру және өскелең ұрпаққа заманауи білім алуға мүмкіндік жасау міндеттері тұр. Елдің ұзақ мерзімді дамуы тікелей адами капиталдың сапасына байланысты болғандықтан, мектептегі білім беру жүйесін жетілдіру стратегиялық басымдықтардың бірі саналады.

Жиында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова педагогтерге ізгі тілегін жеткізсе, аудандық білім бөлімінің басшысы Абай Өтебаев өткен оқу жылындағы негізгі көрсеткіштер мен жетістіктерді саралады. Сонымен қатар 2026-2027 оқу жылының ерекшеліктері, білім беру саласында шешімін күткен мәселелер мен алдағы міндеттер жөнінде баяндама жасалды.

Бүгінде Созақ ауданында 35 мектеп пен 39 балабақша жұмыс істейді. Бұл білім беру ұйымдарында 2613 педагог еңбек етеді. Өткен оқу жылында аудан мектептерін 1065 түлек тәмамдаса, олардың 79-ы «Алтын белгі», 70-і үздік аттестат иеленді. Ал биыл 1360 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа қабылданды.

Бұл көрсеткіштер білім беру жүйесіне қойылатын талаптың да артып келе жатқанын аңғартады. Сондықтан жаңа оқу жылында білім сапасын арттырумен қатар, оқушылардың шығармашылық қабілетін ашу, функционалдық сауаттылығын дамыту, кәсіби бағдар беру және педагогтердің кәсіби құзыретін жетілдіру мәселелеріне басымдық берілмек.

Мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. А.Сүлейменов, Ә.Молдағұлова, Уәлиханов және Макаренко атындағы жалпы білім беретін мектептердің ғимараттарында терможаңғырту жұмыстары жүзеге асырылды.

Білім беру ұйымдарын заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге де көңіл бөлінуде. «KATCO» қазақ-француз бірлескен кәсіпорнының қолдауымен 20 дәрісхана толық жабдықталды. Сонымен қатар білім саласының ардагерлері мен ауданның жанашыр азаматтарының демеушілігі арқылы 122 оқу кабинеті жаңартылды.

Қызылкөл ауылындағы М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектепте оқушылардың шығармашылық және еңбек дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін қосымша акт залы мен шеберхана салынды. Мұндай жұмыстар білім беруді тек теориялық біліммен шектемей, баланың практикалық дағдысын қалыптастыруға бағытталған қазіргі талаптармен үндеседі.

Тамыз кеңесінің тағы бір маңызды бөлігі – ұстаз еңбегін бағалау болды. Білім саласына еселі еңбек сіңірген бірқатар ардагерлер мен педагогтер Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, облыс және аудан әкімдерінің, облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бөлімінің марапаттарына ие болды.

Жиын соңында қатысушылар «Мыңжылқы» мәдениет үйінде ұйымдастырылған кітап көрмесін тамашалап, жергілікті жастардың қолынан шыққан роботтар мен инновациялық жобалармен танысты. Бұл көрме аудан білім беру жүйесінде дәстүрлі оқытумен қатар, технологиялық және шығармашылық бағыттардың да дамып келе жатқанын көрсетті.

Жаңа оқу жылының қарсаңындағы Тамыз кеңесі осылайша өткеннің нәтижесін қорытындылаумен ғана шектелмей, білім беру сапасын жаңа деңгейге көтерудің нақты бағыттарын айқындаған маңызды алаңға айналды. Себебі бүгінгі мектепте қалыптасқан білім мен дағды – ертеңгі елдің адами капиталы. Ал адами капиталдың сапасы жоғары болған сайын мемлекеттің де даму мүмкіндігі кеңейе түседі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You