![]()
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Созақ ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Жұмыс сапары алдымен газдандыру мәселесіне арналды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары автоматтандырылған газ тарату станциясында болып, тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды пысықтады. Жауапты сала басшыларының қатысуымен өткен жиында газдандыру жобаларының қазіргі жай-күйі, абоненттерді көгілдір отынға қосу барысы және алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар талқыланды.
Бүгінде Шолаққорған ауылындағы 4600 абонент табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие. Оның 600-і қазіргі таңда көгілдір отынды тұтынып отыр. Сонымен қатар ауданның өзге де елді мекендерін газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Жартытөбе, Бабата және Аққолтық ауылдарында газдандыру құрылысы жалғасып жатыр.
Зұлпыхар Жолдасов жауапты мамандарға құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды, газ желілерін пайдалануға беру кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды және тұрғындарды табиғи газға қосу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.
Сапардың келесі бағыты денсаулық сақтау саласына арналды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Созақ аудандық орталық емханасында болып, хирургия, терапия, жан сақтау және басқа да бөлімдердің жұмысымен танысты. Медицина қызметкерлерімен кездесіп, күнделікті қызмет барысында туындап отырған өзекті мәселелерді тыңдады.
Кездесу кезінде тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы, науқастарды дер кезінде диагностикалау мен емдеу, сондай-ақ ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері сөз болды. Аудандағы босану көрсеткіштері, диагноз қою сапасы және емдеу шараларының тиімділігі жөнінде жауапты мамандардың ақпараты тыңдалды.
Бұдан бөлек, Созақ аудандық орталық ауруханасында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысы қаралды. Жауапты сала басшылары нысанда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Жұмыс сапары барысында инфрақұрылымдық жобаларды сапалы іске асырумен қатар, тұрғындарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етуге басымдық берілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
