Отырар ауданында педагог кадрлардың кәсіби әлеуетін арттыруға басымдық берілді

Loading

Отырар ауданында білім беру саласының өткен оқу жылындағы жұмыстары сараланып, жаңа оқу жылына арналған міндеттер айқындалды. Шәуілдір ауылындағы №1 жалпы білім беретін мектепте өткен дәстүрлі аудандық тамыз педагогикалық кеңесінде білім сапасын арттырумен қатар, адами капиталды дамыту, педагогтердің кәсіби әлеуетін күшейту және жас мамандардың тәжірибесін қалыптастыру мәселелеріне назар аударылды.

Алқалы жиынға Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы, ардагер ұстаздар, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтер қатысты. Шара барысында білім беру мекемелері әзірлеген арнайы көрме таныстырылып, Отырар өнер және саз мектебінің оркестрі өнер көрсетті.

Кеңесте аудандық білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаев 2025–2026 оқу жылында атқарылған жұмыстарға тоқталып, жаңа оқу жылындағы негізгі міндеттерді таныстырды. Басқосуда білім сапасын арттыру, тәрбие үдерісін жетілдіру және педагогтердің кәсіби ізденісін қолдау бағыттары сөз болды.

Жиында тәжірибелі ұстаздар мен жас педагогтер пікір алмасып, білім беру жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Мұндай тәжірибе алмасу жас мамандардың кәсіби қалыптасуына, озық әдістерді меңгеруіне және педагог кадрлардың біліктілігін ұдайы жетілдіруге мүмкіндік береді.

Аудан басшылығы ұстаздық мамандықтың қоғамдағы маңызына тоқталып, білім сапасының тікелей педагогтердің кәсіби шеберлігіне байланысты екенін атап өтті. Білікті әрі ізденімпаз мамандардың қалыптасуы – адами капиталды дамытудың маңызды шарттарының бірі.

Кеңес барысында білім саласында елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар ұстаздар марапатталды. Жиын №1 мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.

Алдағы кезеңде педагогтердің кәсіби тәжірибесін жетілдіру, жас мамандарды қолдау және білім беру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру Отырар ауданындағы адами капиталды нығайтуға ықпал етпек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You