![]()
Шымкент қаласында әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды жаңғырту, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы жұмыстардың барысымен танысу мақсатында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бірқатар нысанды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімін тексерді.
Аралау барысында Асар-2 шағынауданында 40 отбасыға жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Баспаналар «Отбасы банк» АҚ-тың «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген несие бағдарламалары аясында төлем қабілетін растаған және белгіленген талаптарға сәйкес келетін азаматтарға берілді.
Жаңа қоныстанушылар қатарында көпбалалы отбасылар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар, жетім балалар және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар. Құрылыс барысында барлық талаптар мен нормалар сақталып, тұрғын үйлер пайдалануға берілген.
Жаңа пәтер иелерін құттықтаған қала әкімі тұрғын үйлерді газ желісіне қосу жұмыстары пәтерлердің кемінде 80 пайызы қоныстанғаннан кейін жүзеге асырылатынын атап өтті.
Қала басшысы Нұрсат шағынауданындағы жылу желілерін жөндеу жұмыстарының барысын да тексерді. Биыл Шымкентте жылу желілерін жаңғырту және жөндеу жұмыстары 45 учаскеде жүргізілуде. Аралау барысында жауапты мамандарға жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтап, алдағы жылу маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету тапсырылды.
Сонымен қатар Абай ауданындағы Темірлан тас жолы бойында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында абаттандырылған қоғамдық кеңістікке назар аударылды. Бұған дейін пайдаланылмай тұрған балабақша ғимараты орналасқан аумақтың орнына жаңа қоғамдық кеңістік бой көтерген.
Мұнда тұрғындардың демалуына және балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне қажетті жағдай жасалған. Аумақта көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, жаяу жүргіншілер жолы мен жарықтандыру жүйесі орнатылған. Сондай-ақ құрғақ субұрқақ, балалар және спорт алаңдары қарастырылған.
Қаладағы тұрғын үй қорын жаңарту, инженерлік желілерді ретке келтіру және қоғамдық кеңістіктерді дамытуға бағытталған мұндай жобалар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте нысандардың белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуы — қала әкімдігінің тұрақты бақылауында.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
