![]()
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ердәулет Қылышбекұлы 2026 жылдың сегіз айында атқарылған жұмыстарды баяндап, жыл соңына дейін жүзеге асырылатын жобаларға тоқталды.
Биыл Құрылыс басқармасы тарапынан 66 нысанды іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 32 тұрғын үй, 3 инженерлік инфрақұрылым нысаны және 31 әлеуметтік нысан бар. Тұрғын үй құрылысы бойынша жыл соңына дейін жалпы аумағы 102 мың шаршы метрді құрайтын, 1243 пәтерге арналған 32 тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Оның 12-сі Тұран, 20-сы Бозарық шағын ауданында орналасқан.
Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтар мен кредиттік тұрғын үй бағыттары бойынша биыл 2018 пәтер сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 720-сы сатып алынды. Қалған 1298 пәтерді жыл соңына дейін сатып алу көзделіп отыр.
Қаладағы инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жалғасуда. Бозарық шағын ауданында екі, Тұран шағын ауданында бір нысанның құрылысы жүргізілуде. Үш жобаны да жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Тұрғын үйлердің сапасына бақылау жасауға да ерекше мән берілуде. Қазіргі таңда басқарма есебінде кепілдік мерзімі бар 175 көппәтерлі тұрғын үй бар. Олардағы пәтерлер саны 9226-ны құрайды. Жыл басынан бері аталған үйлерден 355 кемшілік анықталып, оның 348-ін мердігер ұйымдар қалпына келтірген. Қалған жеті кемшілік бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда.
Бұдан бөлек, апатты және ескірген тұрғын үйлерді жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Шымкент бойынша 66 көпқабатты үйді кезең-кезеңімен сүріп, тұрғындарын жаңа баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы әзірленіп, қайта бекітілді.
2026 жылы апатты деп танылған 13 үйдегі 114 пәтер тұрғындарын реновация бағдарламасы аясында жаңа тұрғын үйлерге көшіру жоспарланған. Еңбекші ауданында инвестор «B like» ЖШС тарапынан бес жаңа тұрғын үй салынып, олардың тұрғындары жаңа баспаналарға көшірілді. Қазіргі таңда тағы төрт тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Қалған төрт үйді салу үшін инвесторлар іздестірілуде.
Осылайша, қалада тұрғын үй құрылысын арттырумен қатар, оның сапасын бақылау, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және ескірген тұрғын үй қорын кезең-кезеңімен жаңарту бағытындағы жұмыстар қатар жүргізілуде.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
