Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясына қатысты

Loading

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жастармен және экобелсенділермен бірге Астанадағы Президент саябағына ағаш отырғызды. Экологиялық шара қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көгалдандыру және табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастырудың маңызын айқындады.

Іс-шара барысында Президент жауапты мемлекеттік органдар басшыларының атқарылған жұмыстар туралы есептерін тыңдады. Мемлекет басшысына еліміз бойынша экологиялық бастама аясында жүзеге асырылып жатқан шаралар мен қол жеткізілген нәтижелер жөнінде баяндалды.

«Таза Қазақстан» акциясы қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз етуге, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануға және азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды жалпыұлттық бастамаға айналды.

Бүгін еліміздің барлық өңірінде “World Cleanup Day” – Бүкіләлемдік тазалық күні мен республикалық экологиялық акция аясында жалпықалалық сенбіліктер ұйымдастырылды. Оған тұрғындар, жастар, еріктілер, экобелсенділер мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері қатысып, қоғамдық орындарды тазарту, аумақтарды абаттандыру және жасыл желектерді көбейту жұмыстарына үлес қосты.

Бастама қолға алынғалы бері елімізде 2 мыңнан астам экологиялық іс-шара өткізіліп, 3,8 миллион тонна қоқыс жиналған. Сонымен қатар 10 мыңға жуық заңсыз қоқыс орны жойылған. Бұл көрсеткіштер қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстардың ауқымын аңғартады.

Таза әрі жайлы орта қалыптастыру – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әр азаматтың табиғатқа ұқыпты қарап, тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыруы экологиялық мәдениетті нығайтып, келер ұрпаққа қолайлы орта қалдыруға мүмкіндік береді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You