Шымкент қаласының әкімі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты

Loading

Шымкентте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында Дүниежүзілік тазалық күніне орай “World Cleanup Day” халықаралық акциясы өтті. Жалпықалалық сенбілікке 43 мыңнан астам тұрғын қатысып, қаланың бес ауданында тазалық пен абаттандыру жұмыстарына үлес қосты. Іс-шараға жастар, еріктілер, мемлекеттік мекемелер мен коммуналдық қызметтердің өкілдері белсенді атсалысты. Жұмыстарға 200-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.

Акцияның негізгі алаңдарының бірі А. Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы болды. Мұнда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бастаған қатысушылар аумақты қоқыстан тазалап, ағаш жапырақтарын жинау және айналаны ретке келтіру жұмыстарын жүргізді. Экологиялық шараға үш мыңнан астам жас пен ерікті және коммуналдық сала қызметкерлері қатысты.

Қала басшысы тұрғындармен бірге табиғи ортаны қорғауға бағытталған шараларға да қатысты. Дендрологиялық саябақ аумағына 10 тиін мен 25 қырғауыл жіберіліп, су айдынына 150 келі балық жіберілді. Бұл бастама саябақтың табиғи байлығын сақтауға және қоршаған ортаның биоалуантүрлілігін арттыруға бағытталған.

Сенбілікке жастардың қатысуы да ерекше серпін берді. Демалыс күнінің таңында «Астана» алаңына мыңға жуық мектеп оқушысы, студент пен ерікті жиналды. Олардың қатарында қаладағы жоғары оқу орындарының өкілдері, жастар ұйымдары мен волонтерлік бірлестіктердің мүшелері болды. Ресми бөлімнен кейін қатысушылар топтарға бөлініп, бес ауданға бағытталды. Олардың бір бөлігі дендрологиялық саябақта жұмыс істесе, қалғандары көшелерді, аулаларды, гүлзарлар мен өзге де қоғамдық орындарды тазалауға кірісті. Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасының ұжымы да экологиялық бастаманы қолдап, тазалық жұмыстарына атсалысты.

Жалпықалалық сенбілік барысында көшелер мен қоғамдық кеңістіктер тазартылып, ағаштарға санитарлық бұтау жұмыстары жүргізілді. Ирригациялық арықтар тазаланып, көшелер жуылды. Нәтижесінде қала аумағынан 270 тоннадан астам тұрмыстық және өзге де қалдық шығарылды.

“World Cleanup Day” – әлемнің көптеген еліндегі адамдарды қоршаған ортаны қорғау жолында біріктіретін халықаралық бастама. Шымкентте өткен акция «Таза Қазақстан» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың жалғасы болды. Оның басты мақсаты – қоғамдық орындардың тазалығын сақтау ғана емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып, табиғатқа жауапкершілікпен қарау дағдысын қалыптастыру.

Қала тазалығы тек коммуналдық қызметтердің жұмысына байланысты емес. Әр тұрғынның өз ауласына, көшесіне және қоғамдық кеңістікке жанашырлықпен қарауы да маңызды. Сондықтан мұндай шаралардың негізгі мәні – бір күндік сенбілікпен шектелмей, тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыру. Ортақ іске жұмылған жұрттың белсенділігі Шымкенттің таза, жайлы әрі көрікті қала болуына үлес қосады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You