Президент тапсырмасы: Шымкент қаласының әкімі жаңа жолайырықтағы қозғалысты ашты

Loading

Шымкент қаласында Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысында салынып жатқан жаңа жолайырықтың эстакадасы арқылы көлік қозғалысы ашылды. Маңызды инфрақұрылымдық нысанның ашылуына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.

Жолайырық құрылысы өткен жылдың соңында Мемлекет басшысының мегаполистің көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында басталған болатын. Жобаның негізгі мақсаты – көлік қозғалысы қарқынды учаскедегі жол жүктемесін азайтып, қатынау қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттыру.

Қазіргі уақытта эстакададағы негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, жол белгілері орнатылып, жол таңбалары сызылды. Осылайша, нысан құрылысының маңызды кезеңі жүзеге асып, автокөліктердің жаңа бағытпен жүруіне мүмкіндік туды. Бұл шешім көлік ағынын тиімді ұйымдастыруға және қаланың осы бөлігіндегі қозғалысты реттеуге ықпал етеді.

Қала әкімі жол инфрақұрылымын дамыту мегаполистің өсу қарқынына және тұрғындардың күнделікті қажеттіліктеріне сай жүргізілуі керектігін атап өтті. Заманауи көлік шешімдерін енгізу жолдардағы кептелісті азайтуға, жол жүру уақытын қысқартуға және қала аудандары арасындағы байланысты жақсартуға бағытталған.

Қазір жолайырықтың төменгі деңгейінде айналма қозғалысты ұйымдастыру, оң жақ өткел тармақтарын салу және жерасты жаяу жүргіншілер өткелдерін жабдықтау жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар нысанға іргелес аумақты абаттандыру көзделген.

Құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, аумақты ретке келтіруді жыл соңына дейін тәмамдау жоспарланып отыр. Жоба толық іске асқанда, көлік қозғалысын ұйымдастыру сапасы артып, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай қалыптасады. Жаңа жолайырық Шымкенттің көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға және қаланың үздіксіз дамуына үлес қосады.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You