![]()
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков аға буын өкілдерінің шаңырағына арнайы барып, Рахматулла Мәуленов, Өркен Әбдіреев, Шәки Күлмажитов және Сәбит Рүстемовті мерекемен құттықтады.
Өмірін еңбекке, елге қызмет етуге және отбасы құндылықтарын сақтауға арнаған қариялар қаланың дамуына өзіндік үлес қосып, кейінгі ұрпаққа өнегелі жол қалдырған. Бүгінде олар мол тәжірибесі мен тағылымды өмір жолын жастарға үлгі етіп келеді.
Кездесу барысында қала әкімі қариялардың өткен күндер туралы естеліктерін тыңдап, ақыл-кеңестеріне құлақ түрді. Аға буын өкілдерінің ел игілігі жолындағы еңбегіне алғысын білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ оларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық амандық пен бақ-береке тіледі.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында 105 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Олардың өмір сүру сапасын жақсарту, денсаулығын нығайту және қоғамдағы белсенділігін қолдау бағытында бірқатар әлеуметтік шара жүзеге асырылуда.
Мерекеге орай 70 жастан асқан 29 841 тұрғынға 3 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем берілді. Ал 80 жастан асқан жалғыз тұратын 101 азаматқа ай сайын 2 АЕК көлемінде әлеуметтік төлем төленеді.
Қариялардың денсаулығын нығайтуға да ерекше көңіл бөлінген. Биыл санаторий-курорттық еммен 8 735 азаматты қамту жоспарланып, бүгінге дейін 5 090 адамға жолдама берілді.
Сонымен қатар «Белсенді ұзақ өмір» орталығының төрт бөлімшесінде күн сайын 800-ден астам зейнеткер спортпен шұғылданып, шығармашылықпен айналысады және түрлі сауықтыру үйірмелеріне қатысады. Бұл орталықтар аға буын өкілдерінің бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын күтіп, белсенді өмір салтын сақтауына мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, 70 жастан асқан тұрғындарға қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ олар театрларға, музейлерге, хайуанаттар бағына және дендрологиялық паркке тегін бара алады.
Қарияға құрмет көрсету – халқымыздың ежелден қалыптасқан ізгі дәстүрі. Ақылман ақсақалдар мен өнегелі әжелердің өмірлік тәжірибесі, мағыналы ғұмыры мен тәлім-тәрбиесі – кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес рухани мұра. Сондықтан аға буынға лайықты құрмет көрсету, олардың әлеуметтік әл-ауқатын арттырып, қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қарияларға қаланың өркендеуіне қосқан үлесі мен көп жылғы еңбегі үшін шынайы ризашылығын білдіріп, мерекемен құттықтады. Ақ жаулықты әжелер мен ақ сақалды аталардың амандығы – елдің берекесі, ал олардың өнегелі өмір жолы – ұрпаққа қалдырған асыл қазына.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
