![]()
Шымкентте қалалық ортаны дамыту, қоғамдық кеңістіктерді көбейту және елді мекендерді абаттандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта Нұртас шағынауданындағы Ақбота көшесінің бойында жаңа гүлзардың құрылысы толық аяқталып, тұрғындардың игілігіне ұсынылды.
Жалпы аумағы 18 соттық жерді алып жатқан қоғамдық кеңістік тұрғындардың жайлы демалуына, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған. Жобаны әзірлеу барысында жергілікті тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері ескеріліп, аумақтың әлеуметтік маңыздылығына басымдық берілген.
Жаңа гүлзарда балаларға арналған заманауи ойын кешені, жастар мен ересектердің дене шынықтыруына арналған воркаут алаңы, теннис үстелі орнатылған. Сонымен қатар тұрғындардың тынығып, уақыт өткізуіне қолайлы орындықтар қойылып, аумақтың сәулеттік келбетін толықтыратын субұрқақ салынған. Осылайша, қоғамдық кеңістікте әртүрлі жастағы тұрғындардың қажеттілігі ескеріліп, демалыс пен белсенді қозғалысты ұштастыруға мүмкіндік жасалған.
Мұндай нысандардың бой көтеруі шағынаудандардағы әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартып қана қоймай, тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға да ықпал етеді. Әсіресе, балалардың ашық ауада ойнап, жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау – салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызды бөлігі.
Жоба мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Жаңа гүлзар Нұртас шағынауданының тұрғындары үшін тағы бір демалыс орнына айналып, қоғамдық кеңістіктің көркін арттыра түсті. Қалалық ортаны көгалдандыру мен абаттандыруға бағытталған мұндай жұмыстар мегаполистің жайлылығы мен экологиялық мәдениетін дамытуға да өз үлесін қосады.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
