![]()
Шымкентте тағы 30 отбасы қоныс тойын тойлап, жаңа пәтерлерге ие болды. Баспаналы болған тұрғындарға пәтер кілттерін табыстау рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, жаңа қоныс иелерін қуанышты сәттерімен құттықтады.
Жаңа пәтерлер Бозарық, Ақжайық және Асар-2 шағынаудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлерден берілді. Баспана иелері – «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларына қатысып, төлем қабілеттілігін және белгіленген талаптарға сәйкестігін растаған азаматтар.
Жаңа қоныс иелерінің қатарында көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, толық емес отбасылар және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар. Олар үшін бұл – ұзақ уақыттан бері күткен баспана мәселесін шешіп, отбасылық өмірдің жаңа кезеңіне қадам басуға берілген мүмкіндік.
Аталған жеңілдетілген бағдарламалар тұрғындарға тиімді шарттармен жеке баспана сатып алуға жол ашады. Әсіресе, әлеуметтік осал санаттағы азаматтар мен баспанаға мұқтаж отбасылар үшін мұндай қолдау шараларының маңызы зор. Тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және отбасылардың тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.
Бозарық, Ақжайық және Асар-2 шағынаудандарында тұрғын үй құрылысының қарқын алуы қаланың жаңа аумақтарын кешенді дамытуға да серпін беруде. Жаңа тұрғын үйлермен қатар, шағынаудандарда халықтың күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз ететін әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды қалыптастыру жұмыстары да жалғасуда.
Жалпы, Шымкентте тұрғын үй құрылысын дамыту және халықтың баспанаға қолжетімділігін кеңейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар арқылы азаматтарды баспанамен қамту – осы бағыттағы маңызды тетіктердің бірі. Кезекті 30 отбасының жаңа пәтерге ие болуы атқарылып жатқан жұмыстардың нақты нәтижесін көрсетеді.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
