![]()
Кітап – адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған рухани мұрасы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан білім мен тағылымның қайнар көзі. Ол адамның дүниетанымын кеңейтіп, ойлау қабілетін дамытады, сөздік қорын байытып, рухани кемелденуіне ықпал етеді. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мен әдебиетті кеңінен насихаттау – қоғамның интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды міндеттердің бірі.
Осы мақсатта Кентау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі республикалық «Кітап оқитын ұлт» жобасын қолдау аясында бірқатар мәдени-ағартушылық бастамаларды жүзеге асыруда. Соның бірі – қалалық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен қолға алынған «Оқитын ұлт, ойлы оқырман» атты кітап оқу марафоны. Оның ашылу салтанаты оқырман қауымның басын қосып, кітаптың адам өміріндегі және қоғам дамуындағы маңызын тағы бір мәрте айқындады.
Марафонның негізгі мақсаты – тұрғындардың, әсіресе, жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, тұрақты оқу дағдысын қалыптастыру және әдеби шығармалар арқылы өскелең буынның рухани танымын кеңейту. Білім мен тәрбиенің негізі саналатын кітапты күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру арқылы оқырмандық мәдениетті жаңа деңгейге көтеру көзделіп отыр.
Сонымен қатар кітапханалар жүйесі «Кітап оқитын ұлт» жобасының мазмұнын кеңінен таныту мақсатында «Кітап – ұлттың рухани тірегі» атты челленджді бастады. Игі бастаманың шымылдығын Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, Кентау қаласының құрметті азаматы Бибі Еркінбекқызы Дәрібаева ашты. Бұл – кітапқа деген құрметті арттырып, оқырмандық дәстүрді қоғамда кеңінен орнықтыруға бағытталған тағылымды қадам.
Челлендждің басты міндеті – кітап оқуды тек белгілі бір ортаға тән әдет емес, жалпыға ортақ рухани қажеттілік ретінде қалыптастыру. Сонымен бірге әдебиетке деген сүйіспеншілікті арттыру, оқырмандар арасында шығармашылық байланыс орнату және көпшілікті көркем әдебиетпен жүйелі түрде танысуға ынталандыру көзделген.
Қазіргі ақпараттық технологиялар қарқынды дамыған кезеңде кітаптың тәрбиелік және танымдық маңызы бұрынғыдан да арта түсуде. Электронды ақпарат көздері көбейгенімен, көркем әдебиеттің адам болмысына әсері, терең ойға жетелейтін қасиеті мен рухани құндылықтарды ұрпақ санасына сіңірудегі орны ерекше. Әсіресе жас оқырмандардың кітаппен тұрақты байланыс орнатуы олардың тіл байлығын жетілдіріп, өз ойын еркін жеткізуіне, өмірлік көзқарасы мен азаматтық ұстанымының қалыптасуына негіз болады.
Кітапханалар мұндай бастамалар арқылы тек әдебиеттерді сақтайтын және ұсынатын мекеме ғана емес, қоғамның рухани сұранысын қалыптастыратын, мәдени-ағартушылық жұмыстарды үйлестіретін маңызды орталық екенін көрсетіп отыр. Оқырман марафоны мен челлендж секілді жобалар тұрғындарды ортақ мақсатқа жұмылдырып, кітап төңірегінде мазмұнды қоғамдық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Кентауда қолға алынған бұл бастамалар кітап оқу мәдениетін дамытуға, ұлттық әдеби мұраны насихаттауға және білімге құштар ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған. Өйткені кітапқа жақын қоғамның рухани негізі берік, таным көкжиегі кең болады. Ал оқитын ұлттың қалыптасуы – елдің мәдени және зияткерлік дамуының маңызды көрсеткіші.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
