![]()
Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып, егін және мал шаруашылығы бағыттарында оң нәтижелерге қол жеткізілуде. Биыл аудан бойынша 46 мың 515 гектар алқапқа түрлі дақыл егіліп, тоғыз айдың қорытындысында 660 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жиналды. Бұл көрсеткіштер өңірдің аграрлық әлеуеті мен жергілікті шаруалардың еселі еңбегін айқындайды.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері «Алтын күз – 2026» мерекесі аясында ұйымдастырылған «Дала дәмі» жәрмеңкесінде де көрініс тапты. Оған 12 ауылдық округтен келген шаруалар қатысып, 15 тоннадан астам өз өнімдерін ұсынды. Жәрмеңкеде бақша өнімдері, көкөністер мен өзге де азық-түлік тауарлары көпшілік назарына ұсынылды.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров сауда орындарын аралап, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерімен танысты. Сонымен қатар Білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен қолөнер көрмесін тамашалады. Шара аясында ауыл еңбеккерлерінің маусымдық жұмыстарының нәтижесі сараланып, отандық өнім өндірушілердің еңбегі дәріптелді.
Биылғы егін жинау науқанының қорытындысы бойынша ауданда 234 мың тонна бақша дақылы, 40 мың тонна көкөніс, 21 мың тонна картоп, 18 мың тонна мақта, 19 мың тонна сүрлемдік жүгері және 15 мың тонна бидай өндірілді. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының түр-түрін өсіруге бейімделген аудан шаруашылықтарының мүмкіндігі мол екенін көрсетеді.
Егіншілікпен қатар, мал шаруашылығы саласында да тұрақты өсім бар. Тоғыз айда 8 мың тонна ет, 21 мың тонна сүт өндіріліп, 20 миллион дана жұмыртқа алынды. Аталған көрсеткіштер ауданның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ішкі нарықты жергілікті өніммен толықтыруға қосқан үлесін аңғартады.
Ауыл шаруашылығы саласындағы жоғары нәтижелерге қол жеткізген үздік шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлердің еңбегі де назардан тыс қалған жоқ. «Алтын күз» мерекесі аясында озат шаруашылық өкілдері марапатталып, олардың аудан экономикасын дамытуға қосқан үлесі атап өтілді.
Жалпы, Сауран ауданындағы аграрлық саланың жетістіктері жергілікті еңбеккерлердің табанды жұмысы мен шаруашылықтарды дамытуға бағытталған бастамалардың нәтижесі. Егіншілік пен мал шаруашылығын қатар өркендету ауданның экономикалық әлеуетін нығайтып, халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге негіз болып отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
