![]()
Сауран ауданында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарға басымдық берілуде. Бұл мәселелер аудан әкімдігінде өткен жиында жан-жақты қаралып, жауапты мекемелердің алдында тұрған міндеттер айқындалды.
Аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаевтың төрағалығымен өткен басқосуда балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қауіпсіз ортада өсіп-жетілуіне жағдай жасау және жасөспірімдер арасындағы келеңсіз жағдайлардың алдын алу мәселелері талқыланды.
Жиында бала қауіпсіздігі тек бір мекеменің міндеті емес, отбасы, білім беру ұйымдары, құқық қорғау және әлеуметтік сала өкілдері бірлесе атқаратын ортақ жұмыс екені атап өтілді. Осы ретте профилактикалық шараларды құқық бұзушылық орын алғаннан кейін ғана емес, оның алдын алу мақсатында тұрақты әрі жүйелі жүргізудің маңызына назар аударылды.
Әсіресе, білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын күшейту, мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтардың қызметін тиімді үйлестіру, ерекше назар аударуды қажет ететін жасөспірімдерді дер кезінде анықтап, оларға қажетті психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері сөз болды. Өйткені жасөспірімдердің мінез-құлқындағы өзгерістерді, отбасындағы немесе білім алу ортасындағы қиындықтарды ерте кезеңде анықтау келеңсіз жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылармен жұмысты жандандыру, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру және олардың құқықтық сауаттылығын қалыптастыру бағытындағы шаралар қаралды. Балалардың сабақтан тыс уақытын мазмұнды өткізуіне жағдай жасау, оларды спорттық, мәдени және шығармашылық үйірмелерге тарту да құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі екені айтылды.
Аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев балалардың амандығы мен қауіпсіздігіне жауапты барлық мекеменің өзара тығыз байланыста жұмыс істеуі қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір мәселені назардан тыс қалдырмай, дер кезінде анықтау, тиісті шаралар қабылдау және профилактикалық жұмыстардың нәтижелілігін арттыру маңызды. Бұл ретте мекемелер арасындағы ақпарат алмасу мен ортақ жауапкершілікті күшейтуге баса мән берілуі тиіс.
Жиын қорытындысында жауапты сала өкілдеріне кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылармен жұмысты жетілдіру және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы шараларды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі айтылды.
Бала құқығын қорғау мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғамның өркениеттілігі мен жауапкершілігінің көрсеткіші. Сондықтан әр баланың алаңсыз білім алып, қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне жағдай жасау – отбасы мен мемлекеттік мекемелердің ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Баланың амандығы – ел болашағының кепілі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
