![]()
Кентау қаласында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және әдебиетті кеңінен насихаттауға бағытталған мәдени-ағартушылық бастамалар жаңа форматта жалғасын табуда. Соның бірі – «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында «Арпа» кофеханасында ұйымдастырылған «Бір шыны кофе, бір әлем кітап» атты көшпелі кітап көрмесі мен әдеби-танымдық кездесу.
Іс-шараның басты ерекшелігі – кітапхана кеңістігінен тыс жерде, күнделікті демалыс орны саналатын кофеханада оқырмандармен жүздесіп, әдебиетті насихаттаудың өзгеше үлгісін ұсынуы. Мұндай формат кітапты тек білім алу құралы ретінде ғана емес, адамның рухани тынығуына, ой-өрісін кеңейтуіне және шығармашылық әлеуетін дамытуына ықпал ететін маңызды құндылық ретінде танытуға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында Кентау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Кітап оқы, ойыңды оят!» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге қойылған әдеби шығармалар арқылы қатысушылар түрлі жанрдағы туындылармен танысып, кітап әлеміне саяхат жасауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар кітапханашылар оқырмандық мәдениетті қалыптастырудың маңызына назар аударып, көркем әдебиеттің адамның дүниетанымы мен рухани дамуына тигізер әсерін дәріптеді.
Шараның мазмұнын одан әрі жандандыру мақсатында қатысушыларға «Ортақ туынды» атты шығармашылық ойын ұсынылды. Ойын барысында әр адам өз қиялы мен ой ұшқырлығын пайдаланып, ортақ әңгіме құрастыруға атсалысты. Нәтижесінде қатысушылардың тапқырлығы мен шығармашылық қабілеті сыналып қана қоймай, бірлесіп жұмыс істеу, өзгелердің пікірін тыңдау және ойын көркем жеткізу дағдылары да көрініс тапты.
Бүгінде кітапханалардың қызметі тек кітап беру және ақпарат ұсынумен шектелмейді. Олар – қоғамдық мәдениетті қалыптастыратын, шығармашылық кездесулер мен танымдық жобаларға жол ашатын маңызды рухани орталықтар. Осы тұрғыдан алғанда, көшпелі кітап көрмелерін қоғамдық орындарда ұйымдастыру оқырман аудиториясын кеңейтіп, әсіресе, жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
«Бір шыны кофе, бір әлем кітап» кездесуі де осы мақсатты көздеген мазмұнды бастама болды. Кітап пен кофенің үйлесімін негізге алған шара рухани демалыс пен тағылымды қарым-қатынасты ұштастырып, әдебиетті насихаттаудың заманауи үлгісін көрсетті.
Кітап оқу – адамның жеке дамуына ғана емес, тұтас қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға ықпал ететін маңызды әдет. Ал кітап оқитын ұлт қалыптастыру жолы әр адамның кітапқа деген қызығушылығын оятудан басталады. Кентаудағы осындай мәдени бастамалар қала тұрғындарының рухани өмірін байытып, оқу мәдениетін дамытуға өзіндік үлес қосады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
