![]()
Халық денсаулығын сақтау – елдің әлеуметтік дамуы мен өмір сапасын айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі. Сондықтан денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясат медициналық мекемелердің санын арттырумен ғана шектелмей, көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартуға, аурулардың алдын алуға, ерте диагностиканы дамытуға және мамандандырылған көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Бұл ретте медициналық инфрақұрылымды жаңарту, заманауи құрал-жабдықтармен қамту және білікті мамандардың қызметін тұрғындарға жақындату айрықша маңызға ие.
Түркістан қаласында осы бағыттағы жұмыстар жалғасып, медициналық инфрақұрылым жаңа нысандармен толығуда. Соның бірі – «Ынтымақ емдеу орталығының» пайдалануға берілуі. Екі қабатты, заманауи талаптарға сай салынған медициналық мекеме 30 мыңға дейін тұрғынға қызмет көрсетуге арналған. Орталықтың ашылуы шаһардағы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, тұрғындардың өздеріне жақын аумақта бейінді мамандардың қабылдауынан өтуіне мүмкіндік береді.
Емдеу орталығында кардиолог, офтальмолог, хирург, невролог, педиатр және басқа да бейінді дәрігерлер қабылдау жүргізеді. Сонымен қатар науқастардың денсаулық жағдайын анықтауға арналған диагностикалық кабинеттер мен 11 төсектік күндізгі стационар қарастырылған. Бұл тұрғындарға бір медициналық мекеменің ішінде бірнеше бағыт бойынша тексеріліп, қажетті ем-дом алуына жағдай жасайды.
Орталыққа тіркелген азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында белгіленген тәртіппен медициналық қызметтерді пайдалана алады. Осылайша, жаңа нысан алғашқы медициналық-санитариялық көмек пен бейінді мамандардың қызметін тұрғындарға жақындатуға бағытталған.
Медициналық нысанның ашылу рәсіміне Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанболат Бердібайұлы Ділдәбеков, қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Сүлеймен Тұрсымбайұлы Арыстанов, ардагерлер кеңесінің мүшесі Кеңес Мірсәлі, «Turan United Globol» ЖШС директоры Сержан Анарбекұлы Шағатаев, зиялы қауым өкілдері мен сектор тұрғындары қатысты.
Қала әкімі медициналық орталықтың ашылуын тұрғындар көтерген мәселені бірлесіп шешудің нақты нәтижесі ретінде бағалап, халық денсаулығын нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдаудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ нысанның салынуына үлес қосқан кәсіпкерлерге алғыс білдірді. Бұл жоба әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуда мемлекеттік құрылымдар мен жеке сектор арасындағы әріптестіктің де маңызын көрсетеді.
Жалпы, алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесінің тиімділігі тұрғындардың дәрігерге уақтылы қаралуына, аурулардың асқынғанға дейін анықталуына және емдеу шараларының үздіксіз жүргізілуіне байланысты. Осыған орай елімізде емханалардың жұмысын бағалау тәсілдері де жетілдірілуде. Денсаулық сақтау министрлігінің 2026 жылғы қазанда жариялаған мәліметіне сәйкес, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының қызметін бағалаудың бірыңғай жүйесі енгізілмек. Онда пациенттің бейінді маман қабылдауын қанша уақыт күтетіндігі, қажетті диагностикалық тексерулерден уақтылы өтуі және стационардан шыққаннан кейінгі медициналық бақылаудың жалғасуы секілді көрсеткіштер ескеріледі. Емханалардың жұмысы 100 балдық жүйе бойынша бағаланып, деректер ақпараттық жүйелер арқылы тоқсан сайын автоматты түрде есептеледі.
Бұл тәсіл медициналық ұйымдардың жұмысын тек көрсетілген қызмет көлемімен емес, пациенттің нақты нәтижесімен бағалауға мүмкіндік береді. Яғни тұрғынның дәрігерге қол жеткізуі, диагнозының уақытында анықталуы және емделу барысындағы бақылаудың сапасы басты өлшемге айналады. «Ынтымақ» орталығы секілді көпбейінді мекемелердің ашылуы да осы міндеттермен үндеседі.
Қаладағы медициналық инфрақұрылымды дамыту тек емханалар мен амбулаториялардың санын арттырумен шектелмейді. Әсіресе, ана мен бала денсаулығын қорғау, жүкті әйелдерге және жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін мамандандырылған көмекті жетілдіру – денсаулық сақтау саласындағы стратегиялық міндеттердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістанда Біріккен Араб Әмірліктері Президенті Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның есімі берілген 80 төсектік перзентхана құрылысының маңызы зор.
Демеушілік қаражат есебінен салынып жатқан медициналық кешен өңірдегі перинаталдық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Нысан орналасқан жер учаскесінің жалпы аумағы 3,3 гектарды, ал ғимараттардың жалпы ауданы 17 287,98 шаршы метрді құрайды. Жоба жүкті әйелдерге, босанатын және босанған аналарға, сондай-ақ жаңа туған нәрестелерге заманауи талаптарға сай медициналық көмек көрсетуге арналған.
Перзентхана құрылымында босандыру және операциялық бөлімдер, жүкті әйелдер патологиясы бөлімшесі, ана мен баланың бірге болуына арналған палаталар, жаңа туған нәрестелер реанимациясы және шала туған сәбилерді күту бөлімшелері қарастырылған. Мұндай құрылым медициналық көмектің әр кезеңін өзара сабақтастыра ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – медициналық мекеменің перинаталдық көмектің III деңгейіне сәйкес жабдықталуы. Бұл жоғары қауіп тобындағы жүкті әйелдерге, ауыр жағдайдағы аналарға және қарқынды медициналық көмекті қажет ететін нәрестелерге мамандандырылған көмек көрсетуге бағытталған. Яғни күрделі жағдайларда ана мен балаға қажетті медициналық қызметті бір орталықта шоғырландыру көзделген.
Мұндай медициналық мекемелердің маңызы әсіресе жүктілік пен босану кезінде асқыну қаупі жоғары әйелдерге көмек көрсету барысында айқын көрінеді. Ана мен нәрестенің жағдайын үздіксіз бақылау, шұғыл медициналық араласу, жаңа туған сәбилерге қарқынды күтім жасау мүмкіндіктерінің бір жерде болуы медициналық қызметтің үйлесімділігін арттырады. Сонымен қатар шала туған нәрестелерді күтуге арналған бөлімшенің қарастырылуы да перзентхананың мамандандырылған қызмет аясын кеңейтеді.
Қазақстанда ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстар соңғы жылдары жаңа бағдарламалар мен медициналық технологияларды енгізу арқылы күшейтіліп келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің 2026 жылғы 13 қарашадағы мәліметіне сәйкес, жылдың алғашқы он айында елімізде ана өлімінің көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32 пайызға төмендеген. Бұл нәтижеге қол жеткізуде жүкті әйелдерді ерте есепке алу, қауіп факторларын анықтау, медициналық бақылауды күшейту және асқынулардың алдын алу шараларының маңызы зор.
Атап айтқанда, «Аналар саулығы» бағдарламасы аясында репродуктивтік жастағы әйелдерге жүктілікке дайындалу үшін өз емханасында 12 түрлі медициналық тексеруден өту мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар 37 емханада және 23 перинаталдық орталықта әйелдер консультацияларының жұмысы қайта жанданған. Бұл қызметтермен бір миллионнан астам әйел қамтылған. Жүктіліктің алғашқы он аптасына дейін есепке тұрған әйелдердің үлесі 18 пайызға артып, 71 пайызға жеткен.
Бұл көрсеткіштер ана денсаулығын қорғауда медициналық көмектің жүктілік басталғаннан кейін ғана емес, оған дейінгі кезеңнен ұйымдастырылуы маңызды екенін көрсетеді. Әйелдің денсаулық жағдайын алдын ала бағалау, созылмалы ауруларды анықтау, қажетті кеңес беру және жүктілік барысын жүйелі бақылау ықтимал асқынулардың алдын алуға көмектеседі.
Бұдан бөлек, еліміздің барлық өңірінде перинаталдық орталықтардың жанынан ұрықтың туа біткен даму кемістіктерін ерте анықтауға арналған «Бір күндік клиникалар» ашылуда. Министрлік дерегінде 2026 жылы диагностикалық тексерулермен 100 мыңнан астам жүкті әйел қамтылғаны көрсетілген. Мұндай орталықтарда заманауи скрининг пен диагностика әдістерін қолдану медициналық шешімдерді дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді.
Ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесіндегі тағы бір маңызды бағыт – жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін жоғары технологиялық көмекті дамыту. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда ауыр туа біткен даму кемістіктері бар нәрестелер арасындағы өлім көрсеткіші үш еседен астам төмендеген. Ал күрделі операциялардан кейінгі нәрестелердің өмір сүру деңгейі 84 пайыздан 93 пайызға дейін артқан. Қазіргі таңда елімізде жыл сайын шамамен 1 400 жаңа туған нәрестеге операция жасалады. Бұл неонаталдық хирургия, ерте диагностика және мамандандырылған медициналық көмектің дамуының нәтижесі.
Осындай республикалық деңгейдегі өзгерістер өңірлердегі перинаталдық орталықтардың материалдық-техникалық базасын жетілдірудің, мамандардың біліктілігін арттырудың және медициналық көмектің барлық кезеңін өзара байланыстырудың маңызын айқындайды. Түркістанда салынып жатқан 80 төсектік перзентхана осы міндеттерді жергілікті деңгейде жүзеге асыруға бағытталған.
Медициналық кешеннің инженерлік инфрақұрылымына да ерекше көңіл бөлінген. Жоба бойынша автономды жылыту жүйесі, орталықтандырылған су және кәріз желілері, резервтік электрмен жабдықтау көздері, медициналық газдар жүйесі мен механикалық желдету қарастырылған. Бұдан бөлек, ғимаратқа 73 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған. Бұл жүйелер медициналық мекеменің үздіксіз жұмыс істеуіне және қауіпсіздік талаптарының сақталуына мүмкіндік береді.
Нысанның құрылыс барысымен танысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс сапасына, инженерлік жүйелердің дайындығына және медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесіне назар аударған. Өйткені медициналық мекеменің тиімді жұмысы ғимараттың заманауи болуымен ғана емес, оның қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылуымен, мамандардың кәсіби дайындығымен және қызмет көрсетудің тиісті стандарттарға сай ұйымдастырылуымен өлшенеді.
Денсаулық сақтау министрлігі де жүкті әйелдерге, жаңа туған нәрестелерге және бес жасқа дейінгі балаларға медициналық бақылауды күшейту мәселесін тұрақты назарда ұстап отыр. 2026 жылғы қазанда өңірлік денсаулық сақтау басқармалары мен республикалық медициналық орталықтарға жоғары қауіп тобындағы жүкті әйелдерді уақтылы анықтау, перинаталдық орталықтардағы инфекциялық бақылауды күшейту, медицина ұйымдары арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету және жас мамандарға тәлімгерлік жүйесін дамыту жөнінде тапсырмалар берілген. Бұл ана мен балаға көрсетілетін көмектің тек перзентханадағы кезеңмен шектелмей, босанғаннан кейінгі медициналық бақылаумен де тығыз байланыста болуын көздейді.
Жаңа перзентхана пайдалануға берілгеннен кейін Түркістан өңірінде ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің әлеуеті артып, күрделі жағдайдағы науқастарға мамандандырылған қызмет көрсету мүмкіндігі кеңейеді деп күтілуде. Ал «Ынтымақ» емдеу орталығының іске қосылуы қала тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға нақты үлес қосып отыр.
Жалпы, бұл екі нысан денсаулық сақтау саласының өзара сабақтас екі маңызды бағытын қамтиды. Бірі – тұрғындарға күнделікті медициналық қызмет көрсетуді жақындату болса, екіншісі – ана мен балаға жоғары деңгейде мамандандырылған көмек көрсетуге жағдай жасау. Медициналық инфрақұрылымның осылайша кешенді дамуы халықтың денсаулығын нығайтуға, медициналық қызмет сапасын жақсартуға және Түркістан қаласының әлеуметтік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып саналады.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
