Ордабасы ауданы әкімі Бағлан Батыршаевтың төрағалығымен аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің 7 айда атқарған жұмыстары бойынша есебі тыңдалды.
Жиында жаңа оқу жылында мектептердің офлайн форматта білім беретіндігін ескерткен аудан басшысы күзгі оқу маусымына дайындық барысымен танысты.
Қазіргі таңда, ауданда 65 білім беру мекемелері жас ұрпақтың білім алуына қызмет көрсетуде. Биылғы мамыр айындағы көрсеткіш бойынша 36 151 оқу жылын аяқтаса, қыркүйекте дайындық сыныбымен қосқанда 37 276 бала мектепке барады деп күтілуде. Оның ішінде 3500-і бірінші сыныпқа келетін оқушы болмақ.
«Бірінші қыркүйекке дейін мектеп формасы, оқулық, бейнебақылау, құрылыс секілді мәселерді толығымен шешу үшін әкім орынбасарлары мен адами әлеуетті дамыту бөлімінің жауаптылары нақты іс әрекетке көшу керек. Ауыл әкімдерімен бірлесіп, ондағы мектептерде атқарылып жатқан жұмыстардың уақтылы сапалы аяқталуына баса мән берген жөн. Алдағы тамыз кеңесіне дейін айтылған кемшіліктер мен қолға алынған жұмыстардың нәтижесін қайталап тексеретін боламын», деді Бағлан Дәнебекұлы.
Жиналыста аз қамтылған отбасылардың балаларына атаулы әлеуметтік көмек алу жайы сөз болды. Бүгінде аудан бойынша мектеп жасындағы 3300 бала көмек алуға тіркелген. Олардың мектеп киімі, сумка, аяқ киім сатып алуы үшін бюджеттен 90 миллион теңге қаралып, келісімшарт жасалған.
Ал, жаңа оқулықтар сатып алуға 351 миллион 615 мың теңге қаралып, жаңа кітаптар 20 тамызға дейін аталған бөлімге жеткізіліп, оқушыларға таратылып берілмек.
Сондай-ақ, қысқы маусымға дайындық бойынша жоспарлы 10 541 тонна қатты отынның 8946 тонна тасымалданған.
Мектептердегі бейнебақылау жүйесін Ішкі істер мекемелеріне қосылу бойынша да жұмыстар кезең-кезеңімен қолға алынуда», дейді салалық бөлімнің жауаптылары.
Аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің есебін тыңдаған аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеп, оқушылардың жаңа оқу жылында кедергісіз білім алуына оңтайлы жағдай жасалуына баса назар аударатынын жеткізді.
«ANYQ.KZ» — ақпарат