Шардара аудан әкiмдiгiнiң кiшi мәжiлiс залында Батыс қашыртқысын қайта құру үшiн Сырдария-Түркiстан мемлекеттiк өңiрлiк табиғи паркiнiң ерекше қорғалатын табиғи аумағының жерiн босалқы жерге ауыстырудың техникалық-экономикалық негiздемесiн талқылау бойынша қоғамдық тыңдау өттi.
Оған Түркiстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Түркiстан облысы экология департаментi, Сырдария – Түркiстан мемлекеттiк өңiрлiк табиғи паркi, аудандық ауыл шаруашылығы бөлiмi, ауыл округтердiң әкiмдерi мен шаруақожалық төрағалары қатысты.
Онда аудан әкiмiнiң орынбасары Нұрмаханбет Сапаров қоғамдық тыңдауды ашып берiп, Батыс қашыртқысын қайта құрудың маңызы мен мақсатына тоқталып өттi. Яғни, Қазақстан Республикасы, Үкiметiнiң 2009 жылғы 17 ақпандағы №172 қаулысымен бекiтiлген Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының жерiн босалқы жерге ауыстыру ережесiне сәйкес ПУИД-2 жобасының аясында Сырдария – Түркiстан мемлекеттiк өңiрлiк табиғи паркiнiң ерекше қорғалатын табиғи аумағының жерлерiн “Батыс коллекторын” қайта құру үшiн босалқы жерлерге ауыстырудың техникалық-экономикалық негiздемесiн “ГИС Терра” ЖШС-БК-i (бiрлескен кәсiпорын) “Милиоратор-Тахал” ЖШС тапсырмасы бойынша орындалғанын, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министiрлiгiнiң 2007 жылғы 7 мамырдағы №135п бұйрығымен бекiтiлген қоғамдық тыңдауларды өткiзу қағидасына сәйкес “Батыс коллекторын” қайта құру үшiн Сырдария-Түркiстан мемлекеттiк өңiрлiк табиғи паркiнiң ерекше қорғалатын табиғи аумағының жерiн босалқы жерге ауыстырудың маңыздылығын атап өттi. Ол жоба бойынша босалқы жер сорланудан, тұзданудан, балшықтанудан сақталады.
Одан кейiн ирригациялық және дренаждық жүйелердi жетiлдiру жөнiндегi жобаның екiншi фазасы, жоба басқару тобының қоршаған орта және әлеуметтiк сұрақтар бойынша консултанты, тапсырыс берушi Байғұлов Сәкен Анарбайұлы, “ГИС Терра” ЖШС жетекшi маманы, жобалаушы Елiкбаев Рүстем Қайратұлы тақырыпқа орай слайдпен түсiндiре отырып баяндама жасады. Сол сияқты жобамен таныстырушылар “Шәмшидинова 3” шаруа қожалығының төрағасы Тастанбек Әдiлбеков пен “Жеменей” шаруа қожалығының төрағасы Қылышбек Әдiлханның жобаның пайдасы мен зияны туралы қойған сұрақтарына жауап бердi.
Қоғамдық тыңдауды аудан әкiмiнiң орынбасары Нұрмаханбет Сапаров қорытындылап, келген қонақтарға көпшiлiк атынан ризашылығын бiлдiрдi.
«ANYQ.KZ» — ақпарат