Түркістан қаласында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған нақты қадамдар жасалуда.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен бүгінде қалада бірқатар спорттық нысандардың құрылысы жүріп жатыр. 2024 жылға дейін қалада «Ескек есу» кешені, «Ат спорты» мен «Көркем гимнастика» спорт кешені, «Теннис орталығы», «Мұз айдыны» және спорт интернатын салу жоспарланған. Октябрь Жарылқапов атындағы балалар стадионы жаңартылады.
Қаладағы экоахуалды жақсарту үшін жан-жақты жұмыстар жүзеге асуда. Облыс орталығында қолға алынған жаңа жобалардың барысымен танысқан өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев мердігерлермен кездесіп, кей тұстарына өзгерістер енгізді. Жасыл желектерді гидрантты жүйемен суару әдісімен, Парасат бағының аумағын тиімді пайдалану жобасымен танысты. Жалпы аумағы 30 гектар жерге жайғасқан жасыл аумақты көгалдандыруға инвесторлар қол ұшын созбақ. Олар мұнда 3 мың түп ағаш отырғызып, 600 мың гүл екпек. Осылайша, саябақ аумағын гүл өсіруге арналған ерекше жылыжайға айналдыру жобасын іске асырмақ. Саябақта ағаш көшеттерін өсіру аумағын құру жоспары аясында 10 гектар жерге терек, қарағаш, шынар, үйеңкі ағаштарының 60 мың көшеті отырғызылмақ. Тамшылатып суару жүйесі жүргізіледі.
Сондай-ақ облыс әкімі Тұран мен Отбасы саябақтарында қолға алынатын көгалдандыру жұмыстарының жаңа жобасымен танысты. Жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
«ANYQ.KZ» — ақпарат