
2026 жылғы 11 ақпанда Астана қаласында Еуразиялық интеграция институтының (ЕИИ) «Ашық саясат» сараптамалық клубының алаңында «Конституция-2026: Қазақстанның саяси жаңғыруының жаңа кезеңі» тақырыбында пікірталас өтті. Сараптамалық кездесу шеңберінде мемлекеттік басқару жүйесін, бір палаталы парламенттің қызметін, партиялық дамуды және саяси жаңғыртудың басқа да бағыттарын қозғайтын жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері талқыланды.
Еуразиялық интеграция институтының Ғылыми-теориялық талдау және әдіснамалық қамтамасыз ету департаментінің басшысы Арман Ешмұратов өзінің кіріспе сөзінде Конституцияның жаңа жобасының қоғамда жан-жақты әрі белсенді талқыланып жатқанын атап өтті.
«Жаңа Конституция жобасы түрлі диалог алаңдарында, әлеуметтік желілерде, БАҚ-та және сарапшылар қауымдастығында белсенді талқыланып келе жатыр. Ұсыныстар әзірлеу үшін арнайы Жұмыс тобы, содан кейін депутаттар, заңгерлер және басқа сарапшылардан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. EGov және eOtinish платформалары арқылы Комиссияның қарауына азаматтар, кәсіподақтар, салалық, ерікті және басқа да ұйымдардан екі мыңнан астам өтініш жіберілді. Нәтижесінде 30 қаңтарда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланды. Талқылау нәтижесінде түпкілікті түзетулер енгізілгеннен кейін жоба бүгін Мемлекет басшысына ұсынылып, ол референдум күнін 15 наурызға белгіледі», – деді ол.
А. Ешмұратовтың айтуынша жаңа Конституция елді одан әрі саяси жаңғыртуға бағдарланған және Мемлекет басшысының алдыңғы саяси реформалар жиынтықтарының жалғасы болып табылады. Ұсынылған өзгерістер мемлекеттік институттарды нығайтуға, мемлекеттік жүйенің тұрақтылығы мен басқару сапасын арттыруға бағытталған.
Сарапшылардың ерекше назары азаматтардың мүдделерінің өкілдігін күшейтуге және саяси процестерге деген сенімді арттыруға мүмкіндік беретін партиялық жүйені дамытуға және саяси бәсекелестік үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге аударылды.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының «MediaLab» Орталығының басшысы Жақсыбек Жиенәлиевтің пікірінше, пропорционалды жүйеге көшу партиялық өрістің дамуын ынталандырады.
«ANYQ.KZ»—ақпарат.
