Білімнен – еңбекке: Отырар ауданында жас мамандарды жұмыспен қамтудың тиімді тетіктері қалыптасып келеді

Loading

Елімізде еңбек нарығының сұранысына сай білікті мамандар даярлау және жастарды тұрақты жұмыспен қамту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін еңбек нарығымен ұштастыру, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және жастардың алғашқы жұмыс орнын табуына жағдай жасау мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Бұл міндеттер «2029 жылға дейінгі халықтың кірісін арттыру бағдарламасының» негізгі басымдықтарымен де сабақтасып, нәтижелі жұмыспен қамтуды кеңейтуге бағытталған.

Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың бірі Отырар ауданындағы Дәуренбек Құрманбеков атындағы №20 колледжде өткен диплом табыстау салтанатында айқын көрініс тапты. Биыл оқу орнын 345 түлек тәмамдап, таңдаған мамандықтары бойынша еңбек жолын бастауға мүмкіндік алды. Алайда бүгінгі күні диплом алу ғана жеткіліксіз. Ең маңыздысы – жас маманның өз кәсібі бойынша жұмысқа орналасып, алған білімін нақты өндірісте пайдалана білуі. Сондықтан оқу ордалары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты күшейту қазіргі кадр даярлау жүйесінің басты талаптарының біріне айналды.

Салтанатты шара барысында колледж директоры Бақдәулет Қордашбеков түлектерді құттықтап, олардың білім жолындағы жетістіктерін жоғары бағалады. Бұл күні оқу озаттары мен үздік түлектер марапатталып, білім мен тәрбие ісіне қолдау көрсеткен ата-аналарға алғыс білдірілді. Мұның бәрі жас ұрпақтың сапалы білім алуына қоғам болып үлес қосудың маңызды екенін көрсетеді.

Дегенмен шараның ең маңызды бөлігі – түлектерді еңбек нарығына бағыттау болды. Отырар аудандық Мансап орталығының басшысы Ерболат Әбиев колледж түлектерімен кездесіп, аудандағы еңбек нарығының жай-күйі, сұранысқа ие мамандықтар және мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар орталық тарапынан 22 бос жұмыс орнына жолдаманың табысталуы жас мамандардың еңбек жолын созбалаңға салмай, бірден жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасады.

Бұл – жастарды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік саясаттың жергілікті деңгейде нақты жүзеге асырылып жатқанын көрсететін маңызды мысал. Бүгінде еңбек нарығында жұмыс берушілер тәжірибесі бар мамандарды іздейді. Ал жастар үшін ең үлкен мәселе – алғашқы еңбек тәжірибесінің болмауы. Сондықтан колледж қабырғасынан бастап өндіріс орындарымен байланыс орнату ерекше маңызға ие.

Осы тұрғыдан алғанда, колледж бен «Заречный» компаниясы арасындағы ынтымақтастық меморандумы – кадр даярлаудың жаңа моделінің нақты көрінісі. Оның аясында «Автомобильге техникалық қызмет көрсету» мамандығы бойынша білім алған студенттер дуалды оқыту жүйесі арқылы теориялық білімдерін өндірістегі тәжірибемен ұштастыру мүмкіндігіне ие болды. Сонымен бірге кәсіпорын бірқатар жас маманды тұрақты жұмысқа қабылдауға дайын екенін білдіріп, жұмысқа жолдамалар табыстады.

Дуалды оқыту – қазіргі еңбек нарығы талаптарына барынша тиімді жауап беретін жүйелердің бірі. Бұл модель студенттің оқу кезінде-ақ өндірістік ортаға бейімделуіне, заманауи технологиялармен жұмыс істеуді үйренуіне және жұмыс берушінің нақты талабына сәйкес кәсіби дағдылар қалыптастыруына мүмкіндік береді. Нәтижесінде оқу орнын бітірген жас маман еңбек нарығына дайын кадр ретінде шығады.

Отырар ауданында жүзеге асырылып жатқан мұндай бастамалар өңірдегі жұмыспен қамту саясатының тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Жастардың өз мамандығы бойынша еңбекке араласуы олардың тұрақты табыс табуына, әлеуметтік жағдайының жақсаруына және кәсіби тұрғыдан қалыптасуына жол ашады. Бұл өз кезегінде аудан экономикасының дамуына да оң әсерін тигізеді.

Қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары тек диплом беретін мекеме емес, еңбек нарығына бәсекеге қабілетті маман даярлайтын маңызды орталыққа айналып келеді. Ал жұмыс берушілердің оқу процесіне қатысуы, өндірістік тәжірибені кеңейту және бітірушілерді жұмысқа орналастыруға қолдау көрсету – кадр даярлаудың жаңа моделінің басты ерекшелігі.

Отырар ауданындағы бұл тәжірибе мемлекет ұстанып отырған еңбек саясатының нақты нәтижесін көрсетеді. Жастарға дипломмен бірге еңбек жолына бастайтын мүмкіндік беру – олардың болашағына салынған инвестиция. Осындай бастамалар көбейген сайын білікті кадрлар қатары артып, жұмыспен қамту деңгейі жоғарылап, халықтың әл-ауқаты нығая түседі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You