Брифинг: Еңбекші ауданында соңғы үш жылда 21,1 шақырым ирригациялық арық орнатылған

Loading

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Еңбекші ауданының әкімі Досбол Күздікбайұлы Есілбек Еңбекші ауданындағы жол құрылысы мен көше инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы да айтты. Аудан аумағында жалпы ұзындығы 732,91 шақырымды құрайтын 728 көше мен өткел бар. Қазіргі таңда жолдардың 709,5 шақырымы асфальтпен, 18,5 шақырымы тас жолмен, 4,9 шақырымы топырақ жолмен қамтылған. 2025 жылы 195 көшеде жалпы 158,3 шақырым жолға асфальт төсеу жұмыстары атқарылып, көрсеткіш 97,5 пайызға жетті.

2026 жылға жоспарға сәйкес, шағал тас жол санатындағы 29 көшенің тұйықтарына асфальт қабатын төсеу көзделген. Бүгінде оның бір бөлігі орындалып, 9 көшеде 6,5 шақырым жолға асфальт қабаты төселді. Сондай-ақ ішкі орамдағы 2 көшенің (0,9 шақырым) тозған асфальт жабыны жаңартылды.

Сонымен қатар, магистралды маңызы бар 9 көшеде асфальт жабындысын ауыстыру жұмыстары жоспарланған. Олардың қатарында Тәуке хан даңғылы, Ақбастау, Қапал батыр, Тіленшин, Момынов, Сайрам көшелері және өзге де негізгі бағыттар бар.

Аудан аумағында аяқжол салу жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Жалпы, 215 көшеде 256,3 шақырым аяқжол бар, соның ішінде 51 көшеде (33,98 шақырым) жөндеу қажеттілігі анықталған. 2025 жылы жоспарланған 18,2 шақырым аяқжол толық орындалып, 27 көше қамтылды. Сондай-ақ Сайрам көшесінің бойында 1,5 шақырым аяқжол салынды. Қазіргі таңда аудан бойынша 30 көшеде (16 шақырым) аяқжол салу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек ирригациялық жүйелер бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Аудан аумағында су басу қаупі бар 57 мекенжай анықталып, тиісті іс-шара жоспары бекітілген. Соңғы үш жылда 21,1 шақырым ирригациялық арық орнатылған.

2025 жылы қосымша 20 қауіпті мекенжай анықталып, оның 12-сінде арық жүйелері салынды. Қазіргі таңда су тасу қаупін азайту мақсатында тұрақты мониторинг жүргізіліп, қосымша ұсыныстар енгізілуде. 2026 жылы 52 мекенжай бойынша қосымша зерделеу жүргізіліп, оның 12-сінде жұмыс басталған, 5-еуі аяқталуға жақын. Қалған учаскелер бойынша тиісті техникалық шешімдер қарастырылып жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін жол және инженерлік инфрақұрылымды жүйелі дамыту аса маңызды екенін атап өткен болатын. Бүгінде республика көлемінде жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту, су басу қаупінің алдын алу және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Осы тұрғыда Еңбекші ауданында атқарылып жатқан жұмыстар — мегаполистің инженерлік әлеуетін арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Жолдардың сапасын жақсарту, аяқжолдар салу және ирригациялық жүйелерді жаңғырту тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әсіресе, соңғы жылдары арық жүйелерінің кезең-кезеңімен орнатылуы жауын-шашын кезінде су басу қаупін азайтып, аудан инфрақұрылымының төзімділігін күшейте түсуде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You