Брифинг: Шымкентте Құрбан айт кезіндегі төрт түлік малға қатысты ветеринариялық-санитариялық талаптар ескертілді

Loading

Биыл қасиетті Құрбан айты мерекесі 27-29 мамыр күндері атап өтіледі. Осыған орай қала аумағында тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төрт түлік малды заңсыз (құжатсыз, тіркеусіз) және автокөліктерде, жеке үйлердің ауласында сатуға, союға жол берілмейді. Құрбандыққа шалынған малдың етін мұқтаж адамдарға тарату кезінде ветеринариялық-санитариялық талаптар (тоңазытқыш жабдықтар мен жеке қорғаныш құралдарының болуы) қатаң сақталуы тиіс.

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Құрбан айт мерекесі күндеріндегі ветеринариялық-санитариялық талаптар мен қауіпсіздік шаралары талқыланды. «Құрбан айт мерекесін атап өтудің негізгі рәсімдері мен маңызды аспектілері» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша бас имамы Бақдәулет Нұрматұлы Абдурахманов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша бас имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров, Шымкент қаласының дін істері басқармасы Дін мәселелерін зерттеу орталығы КММ заңгері Даниял ЕрболұлыСейдулла қатысқан брифингте құрбандық етін тарату кезінде санитариялық талаптарды сақтау, сондай-ақ малды тек арнайы белгіленген сою орындарында өткізу қажеттігі айтылды. Қала бойынша Құрбан айт күндері бірнеше арнайы мал сою орындары жұмыс істейтіні хабарланды. Тұрғындарға мереке кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтап, ветеринариялық құжаттары бар малды ғана арнайы орындарға өткізу ұсынылды.

Құрбан айты мерекесі күндері «Kz Meat Farm» ШҚ және «Қазығұрт БРБ» АӨК және «Байтерек Агро» ЖШС мал сою орындағы жұмыс істейді. Шымкент қаласы бойынша арнайы мал соятын орындардың тізімін да айта кетейік:

  1. «Kz Meat Farm» ШҚ, Қаратау ауданы, Бозарық 3 т/а, №1989 учаске. Басшысы – С.Гултараев, тел: 8701 392 83 09. Жұмыс режимі – тұрақты;
  2. «Қазығұрт БРБ» АӨК, Еңбекші ауданы, Қапал батыр көшесі, №12/1 үй. Басшысы – М.Алдабергенов, тел: 8 701 819 25 40. Жұмыс режимі – тұрақты.
  3. «Бәйтерек Агро» ЖШС, Қаратау ауданы, Сайрам тұрғын алабы, Махмұт ата көшесі, №72 учаске. Басшысы – Ф.Бегметов, тел: 8778 122 31 11. Жұмыс режимі – кесте бойынша.

Брифинг барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Айт – татулық мерекесі» акциясын өткізіп, ренжіскен жандарды татуластыруға шақыратыны хабарланды. Бұл бастама қоғамдағы бірлік пен түсіністікті арттыруға бағытталған.

Сондай-ақ елімізде құрбандық шалу рәсімін жеңілдету үшін QURBAN.MUFTYAT.KZ онлайн платформасы жұмыс істейтіні айтылды. Бұл жоба арқылы азаматтар құрбандықты қашықтан рәсімдеп, оның орындалуын онлайн бақылай алады.

Брифинг қорытындысында мамандар барша халықты ізгілікке, кешірімге және қайырымдылыққа үндеп, Құрбан айт мерекесін ұлттық дәстүрмен ұштастыра атап өтуге шақырды.

P.S. «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 32-бабына сәйкес ауыл шаруашылығы жануарлары міндетті түрде бірдейлендірілуі тиіс. Яғни ірі қара мен уақ малда сырға, ал жылқыда таңба немесе чип болуы қажет. Барлық мал дерекқор базасына енгізілуі міндетті. Мамандар тұрғындарды ветеринариялық талаптарды қатаң сақтауға және тек рұқсат етілген орындарды пайдалануға шақырады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You