Брифинг: Шымкентте құрылыс нысандарын қабылдау мен бақылауға қойылатын талаптар күшейтілді

Loading

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Құрылыс кодексі қолданысқа енгізілді. Құжат құрылыс нысандарын пайдалануға қабылдау тәртібін нақтылап, заңсыз құрылысқа жол бермеу, нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құрылыс саласындағы бақылауды күшейтуге бағытталған. Жаңа талаптар мен атқарылған жұмыстар туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Берік Дүйсенов мәлімдеді.

Жаңа нормаларға сәйкес, құрылыс нысанын пайдалануға қабылдау рәсіміне мемлекеттік құрылыс инспекторының қатысуы міндеттелді. Рұқсатсыз немесе заң талаптарын бұза отырып салынып жатқан нысандар анықталған жағдайда, тиісті ақпарат сәулет және қала құрылысы саласындағы уәкілетті органдарға үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жолданады. Сондай-ақ анықталған заң бұзушылықтарға байланысты жылжымайтын мүлікке құқықтарды ауыртпалықпен шектеу қажеттігі туралы мәліметтер кадастр органдарына беріледі.

Жаңа талаптар нысандардың қауіпсіздігі мен қолжетімділігіне де қатысты. Атап айтқанда, адам көп жиналатын және биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарды пайдалануға қабылдау кезінде олардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі расталуға тиіс. Бұдан бөлек, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету фактісін растау талаптары енгізілді.

Басқарма басшысының мәліметінше, 2026 жылдың тоғыз айында қала аумағында құрылыс нысандарына қатысты 132 бақылау іс-шарасы жүргізіліп, 314 хаттама толтырылды. Салынған айыппұлдардың жалпы көлемі 78,1 млн теңгені құрады. Оның ішінде заңсыз құрылысқа қатысты 91 нысан бойынша 33,6 млн теңге, құрылыс сапасына байланысты 22 нысан бойынша 27,3 млн теңге, ал үлестік қатысу мәселелері бойынша 19 нысанға 17,1 млн теңге айыппұл салынды.

Анықталған заң бұзушылықтар бойынша сотқа 22 талап арыз жолданып, оның 14-і қанағаттандырылды. Қалған сегіз талап арыз сот қарауында.

Есепті кезеңде құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша 501 хабарлама тиісті тізілімге тіркелді. Сонымен қатар 361 құрылыс нысаны пайдалануға қабылданып, актілері салыстыру рәсімінен өтті. Жаңа Құрылыс кодексінің талаптарына сәйкес, техникалық қадағалаушылардан нысандардың толық аяқталғаны туралы 73 өтініш түскен. Оның 35-і келісіліп, алты өтініш кері қайтарылды, 32 өтініш қазіргі уақытта қаралуда.

Құрылыс саласын лицензиялау бағытында тоғыз айда 230 өтініш қаралды. Нәтижесінде 25 лицензия беріліп, 90 өтініш бойынша бас тартылды. Бұдан бөлек, қызмет субъектілерінің атауы мен мекенжайын өзгертуге қатысты 112 рәсім жүргізілді.

Мамандарды аттестаттау бойынша 191 өтініш қаралып, 66 маман аттестатталды. 125 өтініш бойынша аттестаттаудан бас тартылды. Ал лицензиялық бақылау нәтижесінде 523 лицензияның қолданылуы тоқтатылып, 16 лицензиядан айырылды. Осы бағытта салынған айыппұлдардың жалпы көлемі 101,1 млн теңгені құрады. Сонымен қатар құрылыс саласындағы аттестаттардың қолданылуы екі жағдайда тоқтатылды.

Жалпы, жаңа Құрылыс кодексі аясындағы талаптар құрылыс нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, заң бұзушылықтардың алдын алуға және нысандарды пайдалануға қабылдау рәсімдерінің заңнамаға сай жүргізілуіне бағытталған. Сонымен бірге лицензиялау мен мамандарды аттестаттау барысындағы бақылау құрылыс саласындағы жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді.

«ANYQ.KZ» ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You