![]()
Шымкентте қоршаған ортаны қорғау мен тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқару бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Басты міндет – заңсыз қоқыс орындарын жоюмен қатар, олардың қайта пайда болуына жол бермейтін инфрақұрылым қалыптастыру және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру.
Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінің басшысы Ермахан Тастанбекұлы Қозыбаевтың сөзіне сүйенсек, жыл басынан бері аудан әкімдіктерімен бірлескен мониторинг пен рейдтер нәтижесінде қаланың төрт ауданынан 20 рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталды. Сәуір–мамыр айларында олардың барлығы толық тазартылды. Сонымен бірге «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының ғарыштық мониторингі арқылы маусым айында тағы 30 заңсыз қоқыс орны анықталды. Аудан әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы нәтижесінде бұл аумақтар да тазартылып, атқарылған жұмыстар арнайы ақпараттық порталға енгізілді.
Қазір қалада 573 қоқыс алаңшасы мен 3 070 контейнер жұмыс істейді. 2026 жылдың алғашқы алты айында полигонға 121 мың тоннадан астам қалдық қабылданып, оның 43,9 мың тоннасы сұрыптауға жіберілді. Сұрыптау үлесі 36,2 пайызды құрады. Бұл қалдықтардың бір бөлігін қайта өңдеуге бағыттауға мүмкіндік береді.
Қалдықтарды бөлек жинауды дамыту үшін төрт мекенжайда жаңа үлгідегі пилоттық алаңшалар орнатылды. Әрқайсысында сегіз контейнер бар: бесеуі тұрмыстық қалдықтарға, үшеуі қағаз, пластик, шыны және алюминий секілді қайта өңделетін материалдарға арналған. Алдағы уақытта тағы 100 заманауи алаңша орнату жоспарланған.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да басымдық берілуде. Жоғары оқу орындары мен колледждерде «Экологиялық сағаттар» өткізіліп, студенттерге қалдықтарды сұрыптау, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану және экологиялық заңнама талаптары түсіндірілді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында эковолонтерлердің қатысуымен экологиялық шаралар ұйымдастырылды.
Қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту, заңсыз қоқыс орындарының алдын алу және экологиялық мәдениетті арттыру – қаланың санитарлық тазалығын ғана емес, экожүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін өзара байланысты міндеттер. Сондықтан бұл жұмыстың нәтижесі инфрақұрылымның жаңаруымен қатар, тұрғындардың күнделікті экологиялық жауапкершілігімен де өлшенуі тиіс.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
