Брифинг: Шымкентте білім сапасы артып, жаңа оқу жылына дайындық қарқын алды

Loading

Шымкентте 2025–2026 оқу жылы қорытындыланып, жаңа 2026–2027 оқу жылына дайындық жұмыстары жалғасуда. Білім беру саласында оқу сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, педагогтердің кәсіби әлеуетін күшейту және цифрлық технологияларды енгізу бағытында жүйелі шаралар жүзеге асырылды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Қуаныш Ғалымжанұлы Ысқақов тереңірек тарқатты.

Өткен оқу жылында қаладағы 1 388 білім беру ұйымында 405 мыңнан астам бала білім алды. Оның ішінде 658 мектепке дейінгі және 291 жалпы орта білім беру ұйымы жұмыс істеді. Мектепке дейінгі тәрбиемен 2–6 жастағы балалардың 84,5 пайызы қамтылды. Мемлекеттік тапсырыс аясында жекеменшік балабақшаларда 3 500 жаңа орын ашу жоспарланып, оның 2 114-і пайдалануға берілді. Ваучерлік қаржыландыру жүйесі арқылы осы кезеңде 99 мыңнан астам ваучер берілді.

Жалпы білім беретін мектептерде 277 мыңнан астам оқушы білім алды. 16 003 түлек мектеп бітірсе, 766 оқушы «Алтын белгіге», 1 196 түлек үздік аттестатқа ие болды. 9-сыныпты аяқтаған 1 608 оқушы үздік куәлік алды. Қала оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарға ие болып, 80-нен астам түлек шетелдің жетекші жоғары оқу орындарынан шақырту алды.

Білім сапасымен қатар инклюзивті орта қалыптастыруға да басымдық берілді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 12 857 балаға арнайы ұйымдар мен жалпы білім беру мекемелерінде тиісті қолдау көрсетілуде.

Педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған «Сапалы білім» жобасы аясында 13 мыңнан астам мұғалім қатысқан «Білім беру шебері» байқауы ұйымдастырылды. Үздік нәтиже көрсеткен 10 педагогке бір жыл бойы ай сайын 200 мың теңгеге дейін қосымша сыйақы тағайындалды.

Қосымша білім беру жүйесінде 112 мыңнан астам оқушы үйірмелермен қамтылған. Жазғы кезеңде «Kitap Camp», «PROF START» және «EduCampShym» жобаларына 224 мыңнан астам бала қатысты. Әлеуметтік осал санаттағы балалардың демалысын ұйымдастыру үшін «QOSYMSHA» ақпараттық жүйесі енгізіліп, жолдамаларды бөлу үдерісі цифрландырылды.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында 37 колледжде 49 мыңнан астам студент білім алды. Дуальды оқыту арқылы 10 мыңнан астам студент тәжірибелік даярлықтан өтті. Жаңа оқу жылына мемлекеттік тапсырыс бойынша 6 мың грант бөлінді.

Білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, мектептер мен балабақшаларды жөндеу, жаңа нысандар салу жұмыстары да жалғасуда. Сонымен бірге «AIQYN» және «Qarqyn» жобалары арқылы білім беру үдерісіне цифрлық мониторинг енгізіліп, қаржыландыру, контингент және мемлекеттік тапсырыс бойынша бірқатар сәйкессіздік анықталды.

Жалпы, атқарылған жұмыстардың негізгі мақсаты – білім сапасын арттырумен қатар, әр балаға сапалы білім алуға тең мүмкіндік қалыптастыру және жаңа оқу жылын қауіпсіз, заманауи әрі тиімді ұйымдастыру.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You