Брифинг: Шымкентте цифрлық инфрақұрылым мен ақпараттық қауіпсіздік нығайтылған

Loading

Шымкент қаласында цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру, интернет қолжетімділігін кеңейту және ақпараттық қауіпсіздікті нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейтуге бағытталған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласының цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Әбутәліпұлы Кемелов мәлімдеді.

Қалалық әкімдік пен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының бірлескен жұмысы нәтижесінде «Smart Data Ukimet» ақпараттық жүйесі негізінде Шымкент қаласының ситуациялық орталығы құрылды. Аталған жүйе мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған деректерді жинауға, сақтауға және талдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жүйеде жасанды интеллект көмекшісі қарастырылған. Бүгінде платформада 124 ақпараттық жүйемен интеграция жасауға мүмкіндік бар және бірқатар кейстер іске асырылған. Басқармалар тарапынан берілген 100 ұсыныс бойынша техникалық жұмыстар жалғасуда. Білім беру саласын цифрландыру шеңберінде мектептердің интернет желісін жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Қазіргі уақытта қаладағы 161 мектептің интернет жылдамдығы секундына 100 мегабит деңгейіне жеткізілді. Сонымен бірге интернет желісін қашықтан бақылау жүйесі іске қосылып, ақауларды анықтау және қалпына келтіру мерзімі екі есеге қысқарды.

Мобильді байланыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар да өз нәтижесін беруде. Егер 2024 жылы қала аумағында 1490 базалық станция жұмыс істесе, 2025 жылы олардың саны 1752-ге жеткен. Ал биыл қосымша 33 жаңа станция іске қосылып, жалпы саны 1785-ке жетті. Жаңа нысандар Қайнарбұлақ, Солтүстік-Батыс, Нұрсат, Жиделі, Қайтпас, Қызылжар, Шымсити, Достық, Асар және басқа да шағынаудандар мен тұрғын алаптарда орнатылды.

Сонымен қатар, қалада бесінші буын мобильді байланыс технологиясын енгізу жұмыстары жалғасуда. 2024 жылы 21 нысан қамтылған болса, келесі жылы бұл көрсеткіш 393 нысанға дейін ұлғайған. Алдағы кезеңде тағы 227 жаңа 5G нүктесін іске қосу жоспарланған.

Кең жолақты интернет желісін дамыту да басты басымдықтардың бірі болып отыр. Соңғы жылдары интернетпен қамтылған елді мекендер саны кезең-кезеңімен артып келеді. Биыл Исфиджаб, Жиделі, Қайнарбұлақ және Алтынтөбе елді мекендерін қамту арқылы қала аумағын кең жолақты интернетпен толық қамтамасыз ету көзделген.

Ақпараттық қауіпсіздік саласында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Мониторинг барысында 24 басқарма мен 5 аудан әкімдігінде анықталған 100 қауіпсіздік кемшілігі толық жойылды. МИСП-ГТС жүйесі арқылы 97 кибершабуыл әрекеті тіркеліп, олардың барлығы бойынша тиісті шаралар қабылданды. Сонымен бірге мемлекеттік қызметшілердің компьютерлеріндегі антивирустық бағдарламалар жаңартылды.

Киберқауіпсіздікті күшейту мақсатында 700 DLP лицензиясы орнатылып, 1000 Firewall және 1000 антивирустық қорғау жүйесі іске қосылды. Сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікке жауапты мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған арнайы оқыту іс-шаралары ұйымдастырылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Шымкент қаласында цифрлық инфрақұрылымның тұрақтылығы артып, байланыс сапасы жақсарып, ақпараттық қауіпсіздік жүйесі жаңа деңгейге көтерілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You