![]()
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Руслан Тұңғышбаев әлеуметтік қорғау саласында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Брифинг барысында департаменттің негізгі үш бағыты – медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу, әлеуметтік заңнамалардың сақталуына мемлекеттік бақылау жасау және зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау мәселелері кеңінен сөз болды. Мәліметке сәйкес, Шымкент қаласында мүгедектігі бар азаматтар саны 43 мыңнан асқан. Оның ішінде 8 мыңнан астамы – балалар. 2026 жылдың алғашқы бес айында 6608 адамға медициналық-әлеуметтік сараптама қызметі көрсетілген.
Сонымен қатар, проактивті сырттай куәландыру көрсеткіші 47,3 пайызға жетіп, республикалық деңгейден жоғары нәтиже көрсеткен. Брифингте жалған медициналық құжаттарды анықтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар да айтылды. Қазіргі таңда анықталған деректер бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданған.
Сондай-ақ, зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді цифрландыру, мүгедектігі бар азаматтарға арналған қолжетімді орта қалыптастыру және оңалту құралдарымен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар таныстырылды.
Департамент басшысы Руслан Тұңғышбаевтың айтуынша, бүгінде қала бойынша 212 мыңнан астам азамат зейнетақы және мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алады. Оның ішінде 101 869 адам – зейнеткер. Сонымен қатар, көпбалалы отбасылар, бала күтімімен отырған аналар және асыраушысынан айырылған азаматтарға да мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Барлық мемлекеттік қызмет түрлері толық цифрландырылған. Брифинг барысында 2026 жылдан бастап зейнетақы мөлшерінің 10 пайызға артқаны айтылды.
Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтарды оңалту бағытында жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Әсіресе, «Үйдегі реабилитация» жобасы аясында балаларға арналған техникалық оңалту құралдарын беру жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба Шымкент қаласында оң нәтиже көрсетуде.
Сондай-ақ әлеуметтік нысандарды бейімдеу, қолжетімді орта қалыптастыру және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру бағытындағы жоспарлар да таныстырылды. Биыл қаладағы 450 нысанды бейімдеу көзделіп отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
