Экожүйе: Шымкент қаласының әкімдігі ыстық күндері жануарларға қамқорлық жасауға шақырады

Loading

Жаздың аптап ыстығында тек адамдар ғана емес, жануарлар да зардап шегетіні белгілі. Олардың көбісі ыстық күн мен судың жетіспеуінен қиналады.

Осы орайда Шымкент қаласының әкімдігі қала тұрғындарын бейжай қалмауға шақырады. Егер үйіңіздің, жұмыс орныңыздың немесе демалыс аймағыңыздың маңында үй жануарлары жүрсе, мүмкіндігінше қауіпсіз жерге ыдысқа су құйып қойыңыз. Мұндай қарапайым әрекеттің өзі олардың аптап ыстықты жеңіл өткеруіне көмектеседі.

Сондай-ақ, бұл үндеу кафе, мейрамхана, дүкен және өзге де бизнес нысандарының иелеріне арналады. Ыстық күндері жануарлар ғимараттардың маңынан сая іздейді. Сондықтан оларға түсіністікпен қарап, мүмкіндік болса, жақын жерге су құйылған ыдыс қоюды сұраймыз.

Табиғат пен жануарларға жанашырлық таныту – жауапты әрі мейірімді қоғам мәдениетінің ажырамас бөлігі. Тіпті қарапайым қамқорлық пен ықыластың өзі аптап күндері жануарларды құтқарып қалуы мүмкін.

Жануарларға жанашырлық таныту – жеке адамның ғана емес, мемлекеттің де жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған саясатының бір бөлігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әзірленіп, 2021 жылы қабылданған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң осы бағыттағы құқықтық негізді қалыптастырды. Құжат жануарларға ізгілікпен қарау, олардың өмірі мен денсаулығын қорғау және иелерінің жауапкершілігін күшейтуді көздейді. Бұл талаптар бүгінде өңірлердегі нақты жұмыстармен жалғасып келеді. Шымкентте 2026 жылы жануарларды ұстау қағидаларын сақтау бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қала аумағында қаңғыбас жануарлар санын реттеу мәселесі де тұрақты назарда тұр. Қалалық деңгейдегі мұндай шаралар «Таза Қазақстан» секілді экологиялық бастамалардың мазмұнын да кеңейтеді. Өйткені таза әрі жайлы қала дегеніміз – көшелері мен аулалары ғана емес, адам мен жануарға қауіпсіз орта қалыптасқан мекен. Сондықтан аптап күнде аулаға бір тостаған су қою сияқты қарапайым қадам мемлекеттік саясаттың түпкі мәні – жауапкершілік пен жанашырлық мәдениетін күнделікті өмірде орнықтыруға қосылған үлес болмақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You