![]()
Шымкент қаласында қоршаған ортаның жай-күйін бақылау, атмосфералық ауаның сапасын жақсарту және ластанудың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл мәселелер Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында талқыланды.
Брифингке Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаев, Шымкент қаласы прокуратурасының басқарма аға прокуроры Берік Құрбанов және Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғар қатысып, өз бағыттары бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Қазіргі таңда қала аумағындағы қоршаған ортаға әсер ететін нысандар экологиялық ықпал ету деңгейіне қарай санаттарға бөлінген. Олардың қызметіне қойылатын экологиялық талаптардың сақталуы уәкілетті органдардың бақылауында. Атмосфералық ауаның жай-күйін бағалау мақсатында «Қазгидромет» мекемесінің алты бақылау бекеті тұрақты мониторинг жүргізеді. Оның төртеуі қолмен сынама алуға, екеуі автоматтандырылған бақылауға арналған.
Сонымен қатар ірі өндірістік кәсіпорындардың атмосфераға шығаратын ластаушы заттарын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған мониторинг жүйелері енгізілген. Қазіргі уақытта мұндай жүйелер төрт ірі кәсіпорында жұмыс істейді. Бұл шығарындыларды тұрақты бақылауға және экологиялық талаптардың орындалуын қадағалауға мүмкіндік береді.
Қаладағы ауа сапасына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – автокөлік шығарындылары. Шымкентте 534 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Осыған байланысты көлік құралдарынан бөлінетін зиянды заттардың мөлшерін бақылауға бағытталған рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Прокуратураның ұсынысы негізінде Полиция департаментімен бірлесіп өткізілген іс-шара барысында 109 автокөлік тексеріліп, анықталған жағдайлар бойынша тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.
Экологиялық бақылау барысында тұрғындардың өтініштері де назарға алынады. Әсіресе, жекелеген аумақтардан келіп түсетін жағымсыз иістерге қатысты шағымдардың себептерін анықтау үшін арнайы мониторинг жұмыстары жүргізілді. Осы мақсатта Экология департаментінің мамандары мен Ұлттық сараптама орталығының қызметкерлері бір ай бойы кейбір индустриялық аймақтар мен оларға іргелес аумақтардағы атмосфералық ауаның жай-күйін зерттеді. Зерттеу барысында ауа құрамындағы бірқатар заттарға талдау жасалып, тиісті бақылау жұмыстары атқарылды. Мұндай шаралар тұрғындардың өтініштерін зерделеп, ауа сапасына әсер ететін факторларды анықтауға бағытталған.
Экологиялық ахуалды жақсарту үшін бақылау шараларымен қатар, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да мән берілуде. Осы бағытта департамент мамандары мектептер мен жоғары оқу орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, экологиялық сағаттар ұйымдастырды.
Алдағы уақытта атмосфералық ауаның сапасын тұрақты мониторингтеу, өндірістік нысандардың экологиялық талаптарды сақтауын бақылау және автокөліктерге қатысты рейдтік іс-шаралар жалғасады. Оның ішінде түнгі уақыттағы бақылау жұмыстары да қарастырылған. Негізгі мақсат – ауа ластануына ықпал ететін факторларды дер кезінде анықтап, олардың алдын алу және қала тұрғындары үшін қолайлы экологиялық орта қалыптастыру.
«ANYQ.KZ» ақпарат.
