![]()
Кентау қаласында мәдениет пен спорт саласының инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерде мәдениет ошақтарын көбейтіп, бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға қолайлы жағдай жасаудың маңызын үнемі атап келеді. Осы мемлекеттік саясат аясында Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына ерекше көңіл бөлінсе, Кентау қаласында да мәдени және спорттық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жобалар қарқын алу үстінде.
Осы жұмыстардың орындалу барысымен танысу мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Кентау қаласына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында алдымен Қарнақ ауылындағы құрылысы аяқталуға жақын Мәдениет үйі мен салынып жатқан спорт кешені араланды. Бұл нысандар — ауыл тұрғындарының мәдени өмірін жандандырып, жастардың шығармашылық және спорттық әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік жобалардың қатарында.
Жаңа Мәдениет үйі пайдалануға берілгеннен кейін мұнда концерттер, театрландырылған қойылымдар, шығармашылық байқаулар, ұлттық өнерді дәріптейтін мәдени кештер мен түрлі үйірмелер ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл ауыл жастарының өнерге қызығушылығын арттырып, ұлттық мәдени мұраны насихаттауға және тұрғындардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне жағдай жасайды.
Ал жаңа спорт кешені балалар мен жастардың спортпен тұрақты айналысуына, бұқаралық спортты дамытуға және түрлі деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік береді. Мұндай нысандардың көбеюі салауатты өмір салтын қалыптастыруға, жас ұрпақтың денсаулығын нығайтуға және олардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Бұл – бұқаралық спортты дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың өңірдегі нақты нәтижесінің бірі.
Облыс әкімінің орынбасары бұдан кейін қаладағы №7 кәсіптік колледжде, №17 Әлішер Науаи атындағы жалпы білім беретін мектепте, Дарын мектебінде, «Жұлдыз» балабақшасында және «Жансая» облыстық балаларды оңалту орталығында жүргізіліп жатқан құрылыс және жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Әрбір нысанда құрылыс сапасы, жұмыс қарқыны және белгіленген мерзімдердің сақталуына ерекше назар аударылды.
Нысандарды аралау барысында Еркебұлан Дауылбаев мердігер ұйымдарға құрылыс жұмыстарының сапасын бірінші орынға қоюды тапсырып, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды міндеттеді. Әлеуметтік маңызы бар нысандар тұрғындарға ұзақ жылдар бойы сапалы қызмет көрсетуі тиіс екенін атап өткен ол барлық жұмыстардың уақытылы әрі талапқа сай аяқталуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Жұмыс сапары Кентау қаласы әкімдігінде өткен арнайы мәжіліспен қорытындыланды. Жиында қаладағы құрылыс жұмыстарының барысы, «Таза Қазақстан» бағдарламасының орындалуы және білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылына дайындау мәселелері талқыланып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Бүгінде Кентауда мәдениет пен спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалар тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға қызмет етуде. Әсіресе, Қарнақ ауылында бой көтеріп жатқан Мәдениет үйі мен спорт кешені ауылдың әлеуметтік тынысын жаңғыртып, жастардың өнер мен спортқа кеңінен бет бұруына жол ашады. Бұл бастамалар Кентаудың әлеуметтік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірде мәдениет пен бұқаралық спортты дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін айқындайды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
