
– Халықаралық балаларды қорғау күні құтты болсын! Жас ұрпақтың құқығын қорғау, денсаулығын сақтау және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – жалпыұлттық мақсат және конституциялық міндет. Ауызбіршілігі мықты, тату-тәтті отбасы – бақытты балалық шақтың арқауы. Сондықтан отбасы құндылықтарын қорғау жаңа Конституцияның аса маңызды нормасының бірі ретінде айқындалды. Өскелең ұрпақтың жасампаздық рухы орасан зор. Олар білім мен спортта, өнерде мол табысқа жетуде. Менің бастамаммен қолға алынған «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында мемлекет тарапынан әрбір балаға қамқорлық жасалып жатыр. Биыл «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы іске асырыла бастады. Жас буынды қолдау әрдайым еліміздің, яғни Әділетті және Озық Қазақстанның басты назарында болады, – деп жазды Президент.
Сонымен қатар Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков те мегаполис балғындарын Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
“Қымбатты балалар, құрметті ата-аналар!
Сіздерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Жаздың алғашқы күнінде игі дәстүр бойынша әр буын өкілдерін біріктіретін осы жарқын да мәні зор мерекені атап өтеміз. Балалар – біздің болашағымыз, мақтанышымыз әрі қоғамның ең басты құндылығы.
Сондықтан олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау, сапалы білім алуына мүмкіндік беру, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру, жас ұрпақтың таланты мен бастамаларын қолдау – біздің маңызды басымдықтарымыздың бірі болып қала береді.
Алдағы уақытта да әр баланың өз қабілетін толық ашуына, сапалы білім алып, болашағына нық сеніммен қадам басуына барлық мүмкіндікті жасау бағытындағы жұмысты жалғастыра береміз. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолында күш-жігері мен білімін аямай жүрген ата-аналарға, ұстаздарға және барлық азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін.
Барша балаларға зор денсаулық, шат күлкі, жарқын әсерлер, адал достар және армандарының орындалуын тілеймін. Әр күніңіз бақытқа, қамқорлыққа және жаңа мүмкіндіктерге толы болсын!” – деді шаһар басшысы.
P.S. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бүгінде елде 6 миллион 902 мың 492 бала бар. Бұл – Қазақстан халқының шамамен үштен бірін құрайды. Оларға мемлекет тарапынан тегін білім және медициналық көмек алуға жағдай жасалған. Сондай-ақ әлеуметтік қорғалуына және қауіпсіздігіне бағытталған бағдарламалар іске асырылып жатыр. Осы мақсатта биыл 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданды. Одан бөлек Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың жеке шоттарына аударылып келеді. Соңғы жылдары балалар құқығын қорғайтын заңдар айтарлықтай күшейтілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен бала құқығын қорғауды күшейтетін 10 заң қабылданды. Сондай-ақ еліміздегі мектептер «Қауіпсіздік сабақтарымен» қамтылып, QR-111 жүйесіне қосылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
